«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕРДІҢ КӨЗІ МЕРГЕН

Атасы суретті шебер салатын, әжесі мен анасы ине-жіптің парқын білді, әкесінің қолы құрылысқа бейім еді. Ал Жалынның жастайынан ағаш оюға қызығушылығы басым. Жарық дүние есігін ашқаннан қолөнердің тылсым сырына қанығып өскен Жалын Қабылан Қытайда орта мектепті тамамдағаннан кейін атамекенді бетке алып, яғни 2014 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кескіндеме мамандығына оқуға түсті. Бүгінгі таңда аталмыш жоғары оқу орнының 5-курсына қадам басқан жас жігіттің Есіл ауданындағы Бірлік ауылына қоныстануы да кездейсоқ емес.

– Шымкентте оқуда жүргенде ішкі көші-қон саясаты аясында оң­түстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы туралы естідім. Қазақтың жойылып бара жатқан қолөнерін дамытуды мақсат тұтқан “Жусан” халық­аралық кәсіпкерлер қауым­дастығының төрағасы Тоғай­бай Рысбек теріскейге барып, қазақтың санын көбейтіп қана қоймай, ұлттық өнерді дамыту қажет екенін айтып отыратын. Осы сөзі есімнен шықпай, ақыры өткен жылы Қытайдан атамекенге қоныс аударған ата-анаммен Қызылжар өңіріне ат басын бұрдым. Тағдырдың жазуымен әлемнің әр атырабына тарыдай шашырап кеткен біз сияқты жандардың өз елдеріне оралуы зор сүйініш. Осының бәрі Ата Заңымыздың аясында мүмкін болып отыр, – дейді Жалын Серікжанұлы.
Бір жылдан бері жазы қоңыржай, қысы қытымыр теріскейге бойы үйренген отбасы ірі қара сатып алып, өрісін кеңейтіп, қолөнерді кәсіпке айналдырып отыр. Анасы Тұрсынгүл Бектұрсынқызы ою-өрнегі көздің жауын алатын қыз жасауын әзірлесе, өзі ағаштан астау, тостаған, тағы басқа ұлт­тық ыдыстар мен бұйымдар, қазақтың бас аспабы – домбыра жасайды.
– Бұл жақта алдыңғы буынның ұлттық қолөнерден хабары болса да, кейінгі жастардың кәсіп еткені аз екен. Біздің жасаған дүниелерімізге сұраныс көп болғандықтан, кейде тапсырыстарды уақытында орындай алмай қалатын сәттер болады. Сол себепті аудан орталығы – Явленка ауылында дүкен аштық. Сол жерде өзіміздің қолымыздан шыққан дүниелерді ғана емес өзге өңірлердегі қолөнершілердің бұйымдарын жұртшылықтың назарына ұсынып отырмыз, – деген жас шебердің болашаққа құрған жоспары көп. Қара малмен бірге жылқы өсіруді де қолға алуды ойластырып отырған Жалын Серікжанұлы өңірімізде “Жусан” халық­аралық кәсіпкерлер қауым­дастығының филиалын ашқысы келеді. Ондағы мақсаты – ұмыт болып бара жатқан қолөнердің түрлерін жаңғыртып, игерсем деген қызылжарлықтарға бар білгенін үйрету.
– Бүгінгі таңда бұрын әжелеріміз қазанға салып қайнататын қара сабынға сұраныс артып келеді. Дүкенге сабын алуға бара қалсаңыз, бүгінгі заман талабына сай өндірілген өнімнің сан түрін кездестіресіз. Оларға қарағанда қазақтың қара сабыны әлдеқайда пайдалы, – деген жас шебер оның тері ауруларына таптырмас ем екенін айтты.
Үстіміздегі жылы “Отандастар” қорының қолдауымен “Жусан” ха­лық­аралық кәсіпкерлер қауым­дас­тығына мүше бірнеше қолөнер шебері Ресейдің Түмен облысы қазақтарының құрылтайына барып, ондағы қазақтарды ұлттық өнердің қыр-сырымен таныстырыпты. Жалын Серікжанұлының сөзіне қарағанда, ол жақтағы бауырларымыздың ұлттық қолөнерге деген қы­зығушылығы басым, араларында игеруге ниет танытқандары да аз емес.
“Өнер таусылмас қазына, жұтамас байлық”, дейді дана халқымыз. Қазақтың қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы, халық рухани байлығының көзі болып табылатын бағалы құндылық. Қазақ халқының қолөнерін әлемге танытып, артына мол мұра қалдырған, есімі елге белгілі шеберлері аз емес. Ал олардың ізін жалғап жүрген Жалын сынды жастарды көргенде ұрпақ сабақтастығының алтын арқауының үзілмегенін аңғарасың.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: қолөнер шебері Жалын Қабылан.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp