«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕРДІҢ САБАҒЫ

Өткен жексенбі күні “Astana Pro Team” велоклубының мүшесі жерлесіміз Бахтияр Қожатаев солтүстікқазақстандық велошабандоздармен кездесті. Ол спорттағы жетістіктері және кәсіби велоспортшы болудың қыр-сыры туралы сөз қозғады.

– Мен велоспортпен 14 жасымнан бастап айналысып келемін. Петропавлдағы велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегімін. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Кручинаның жетекшілігімен жаттығып, мол тәжірибе жинадым. Алғашқы жеңісіме тоқталар болсам, 2008 жылы мектеп оқушылары және колледж студенттерінің спартакиадасында тректік жарыста күміс медальге ие болып, спорт шебері нормативін орындадым. Содан бері бірде-бір жаттығудан қалмай, алдыма Александр Винокуров сияқты биік белестерді бағындыруды мақсат етіп қойдым, – деді Бахтияр.

Спортшы “Continental Team Astana” және “Astana Pro Team” командаларының сапында жүріп, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері атанды. Жерлесіміз былтыр “Тур де Әзірбайжан” турнирінде үшінші нәтиже көрсетіп, таулы кезеңнің дарасы атанды. Канадада өткен әлем кубогында да қоладан алқа таққан еді. “Тур де Л’Авенир” турнирінде үздіктер қатарында болып, төртінші орынға табан тіреді. Бұдан да басқа жетістіктері аз емес.

Шара барысында жерлес спортшы спорттық нысандағы велобазада жасөспірімдерге шеберлік сабағын өткізіп, өзі жақсы меңгерген спорттың қыр-сырымен бөлісті. Велоспорттың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсеткен спортшы дұрыс жаттығуда үлкен мән бар екенін тілге тиек етті.

– Мұндай жас жеткіншектерге арналған маңызды шаралардың берері мол. Үлкен жетістіктерге жету жолы – алдыңғы буынға еліктеуден басталады. Бүгінгі шеберлік сабағын өткізу мен үшін үлкен құрмет. Ізімізді басып келе жатқан іні-қарындастардың спортшы болып қалыптасуына аз да болса үлесімді қосқаныма қуаныштымын, – деді Бақтияр Қожатаев.

Белгілі болғандай, жуырда астаналық команда солтүстікқазақстандық велоспортшымен келісімшарт мерзімін бір жылға ұзартқан. Енді Бахтияр қараша айында Италияда өтетін жаттығу жиынына қатысуды жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp