Кез келген қойылымның сәтті шығуы актердің шеберлігіне байланысты. Сондықтан сахна мамандары кәсіби тұрғыдан дамып отырулары қажет. Өңіріміздегі театр әртістеріне арналған үш күндік шеберлік сабағы өтті.
Шара Ресейдегі шетелдік орыс театрларын қолдау орталығының көмегімен ұйымдастырылды. Оның жетекшісі – Ресей және шетелге танымал өнер адамдарына тәлім беріп жүрген Ирина Автушенко.
Білікті маман бүгінгі таңда Мәскеу қаласындағы театр өнері институтында қызмет етеді.
– 2001 жылдан бері тіл мәнеріне бағытталған сабақтарды жүргіземін. Тәлім алған студенттерімнің арасында кино және театр әлемінен ойып тұрып өз орнын алған әртістер бар, – дейді ресейлік театр өнері институтының сахналық тіл мәнері кафедрасының доценті Ирина Автушенко.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Айбол Қасым – Ресейдегі Ярослав мемлекеттік театр институтының түлегі. Жас маман күніне үш рет сахна тілін дамытуға бағытталған түрлі қимылдар жасауды дағдыға айналдырған. Оның сөзінше, тілдің тазалығы көрерменге сахналық бейнені шынайы жеткізуге көмектеседі.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
“Солтүстік Қазақстан”.