Дала төсі дүбірге толы бүгінгі таңда егіншінің таңы ерте атады. Тайынша ауданындағы ірі агроқұрылым – “Агрофирма Эксимнан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде он бес жылдан бері еңбек көрігін қыздырып келе жатқан тәжірибелі диқан Ербол Тілепбергенов те бұл күндері уақытпен санасуды білмейді.
Осыдан екі жыл бұрын өз ісіне жауапты маманға жаңа “Sampo Asia” комбайны сеніп тапсырылған еді. Озат механизатордың айтуынша, онымен бір тәулікте 200-300 гектар жердің егінін дестелеуге болады.
Үстіміздегі жылдың көктемінде 25 мың гектар алқапқа дән сіңірген серіктестік диқандары ауа райы қолайлы болып тұрған бүгінгі таңда ширақ қимылдап, күзгі жиын-терімді неғұрлым қысқа мерзімде аяқтап шығу үшін жан аямай еңбек етуде. “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, Ербол Тілепбергенов те көш бастаушылар сапында келеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.