Облыстық кардиологиялық орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасы жанындағы медициналық орталықтың мамандары артериялық қан қысымы жоғары екі науқасқа жаңа әдіспен ота жасап, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныбын өткізді. Бұл шара Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жүзеге асты.
– Артериялық гипертензияны бірқалыпты ұстау қиын. Бұл ауру инсульт, миокард инфарктісін тудыруы мүмкін. Бүйрек артериясын химиялық жолмен күйдіру арқылы адамның қан қысымын ретке келтіруге болады, – деген Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының рентгенохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Мусаев елімізде отаның бұл түрі 2011 жылы тәжірибеге енгізілгенін айтты. Мұндай отаны қан қысымы жоғары кез келген науқас жасата алмайды. Өйткені, артериялық гипертензияны ретке келтіру үшін түрлі дәрі-дәрмек қолданылады. Дәріден пайда болмаса, хирургиялық жолмен оны шешудің тиімді әдісі бар.
Мамандар мұндай ота көбінесе қан қысымы 200-ден жоғары науқастарға жасалатынын жеткізді. Түркия, Германия, Израильде тағылымдамадан өткен дәрігер Сергей Мусаев қызылжарлық әріптестеріне ота жасаудың заманауи әдіс-тәсілдерін көрсетті. Егде жастағы қос науқасқа ота тегін жасалды. Бұл қызмет ақылы түрде де көрсетілетінін айтқан жөн.
Қазіргі таңда өңірде қан қысымы жоғары бір жүз мыңнан астам адам есепке алынған. Ал облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі Мақсат Құдратоллаев бір жылда осындай жиырма ота жасалатынын жеткізді.
– Қазір медицина жедел қарқынмен дамуда. Емдеу ісінде заманауи әдіс-тәсілдер қолданылуда. Отаның мұндай түрін біздің дәрігерлер де жасап жүр. Шеберлік сыныбы барысында жаңа әдістерді үйренуге мүмкіндік туды. Бұл ота қан қысымын бірқалыпты ұстауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.