Ұлттық Дельфий комитеті жас таланттарды қолдау мақсатында өңірімізде шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. “Бәйтерек-Fest” ұлттық фестивалі аясында өткен игі шара “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” АҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылды.
Талантты жастардың өнерін сарапқа салған қазылар алқасы екі күн бойы 14-28 жас аралығындағы ұл-қыздардың шеберлігін шыңдап, ақыл-кеңестер берді. Жастар хореография, ым тілі, актерлік шеберлік және дизайн саласы бойынша топтарға бөлініп, бар өнерлерін ортаға салды. Жоба жетекшісі Құралай Түсіпбекованың айтуынша, фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды іздеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқандардың бірі – “Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты” коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанындағы “Sensitive” балдық би ансамблі. Өнерлі ұл-қыздар тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, ым-ишара тілінде орындаушылық қабілеттерін арттыра түсті. Осы бағытта бар білгенімен бөлісуге тырысқан кәсіби сурдоаудармашы Хасан Исраилов есту мүшесі зақымданған балалардың арасында таланттылардың көп екенін айтады.
– Өнерлі жастар қатары қалың. Мен оларға сахнада өзін қалай ұстау және ым тілінде не нәрсеге мән беру керектігін үйретемін. Солтүстік Қазақстан облысында есту қабілеті нашар балалардың арасында хореография саласын жетік меңгерген өнерлі жастар аз емес. Біз бұған түрлі конкурстар барысында көз жеткізіп жүрміз, – дейді Хасан Исраилов.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, шеберлік сыныптарының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 250 үміткер 27-28 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сында жарысқа түседі. Солардың ішінен үздік деп танылған үш жеңімпаз Дельфий комитетінің халықаралық шығармашылық жобаларына қатысу құқығына ие болмақ.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: шеберлік сыныбынан көрініс.