Петропавл қаласындағы педагогикалық институтты тамамдағаннан кейін еңбек жолын Смирново ауылында жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған Серік Имақов – шәкірттерінің білсем, үйренсем деген бала армандары мен оның сырлы тағдырларына басшылық етуді мойнына алған жан. Ол ұстаздықтың әр сатысынан абыроймен көтеріліп, Бескөл аудандық білім бөлімінің мектептер бойынша инспекторы, Петропавл қаласындағы №30, №12, №42 орта мектептердің директоры қызметтерін атқарды. Бүгінгі күні Петропавл қаласындағы №42 орта мектепте тарих, география пәндерінен сабақ береді. Шәкірттерінің, ата-аналардың, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген Серік Сәлиұлы білікті басшы және пән мұғалімі болып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. “Нұр Отан” партиясының белсенді мүшесі.
Серік Имақов – оқу мен тәрбие жұмысында жаңа технологияны өз шығармашылығымен ұштастыра білген, өзіндік әдістемесі қалыптасқан, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, теориялық білімі терең, жоғары санатты мұғалім. Тарих және география пәндерін оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін жүйелі қолдана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады және шәкірттерін шығармашылыққа баулиды. Сондай-ақ, әріптестерімен тәжірибе бөлісе отырып, ұжымның көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне жол ашты. Мұғалімнің бірнеше сабақтары мен шығармашылық жұмыстары республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық басылымдарда жарық көрді. Ұзақ жылғы ізденіске толы еңбек жолында талай мәрте облыстық, қалалық педагогикалық оқулардың жеңімпазы атанды.
Серік Сәлиұлы бүгінгі күні заман талабына сай бәсекеге қабілетті шәкірттерді тәрбиелеуге үлкен үлес қосып жүр. Қарамағындағы мұғалімдердің де жаңа технология бойынша білімдерін жетілдірулеріне баса назар аударады. Оның қолдау көрсетуімен мектептің бірнеше ұстазы сертификаттарға ие болды.
Әрбір шәкіртіне, әріптестері мен айналасындағы басқа да қызметкерлерге асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарап, әрқайсысымен тіл табыса білуінің арқасында өзі де зор қошемет пен құрметке ие. Оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, терең білімі шәкірттерге, ата-анаға, басқа жұртшылыққа да өнеге. “Шәкіртсіз ұстаз – тұл” демей ме? Алдынан қаншама шәкірттер өтті. Осы тұста Абайдың:
“Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға”, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Алдынан ұшқан әр шәкірті өмірдің бір кетігін тауып, бір кірпіш болып қаланып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны, мерейінің асқаны, деп біледі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз.
Жанет ШОҚАЕВА,
№42 орта мектептің мұғалімі.
Петропавл қаласы.