«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕР ҰСТАЗДЫҢ ШӘКІРТІ САУАТТЫ

Қазіргі білім саласында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға баса мән беріледі. Осы мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау, тәжірибе алмасу мақсатында білім ордасында өткен педагогикалық кеңесте баяндамалар оқылып, шеберлік сыныптары көрсетілді. Әр баяндамашы берілген уақыт ішінде оқу үдерісінде қолданатын оқытудың тиімді тәсілдерін слайд, бейнекөрініс арқылы қорғады. Жоғары санатты әрі еңбек өтілі мол ұстаздар қауымынан құралған қазылар алқасы әр мұғалімнің өзіндік шеберлігін бағалады. Баяндамашылар арасынан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Толқын Рахимованың жұмысы үздік деп танылса, шеберлік сыныбын көрсетушілердің арасынан Зәуреш Жиентаева мен Зәуреш Шәкенованың сабақтарына жоғары ұпай берілді.

Ұстаздардың санаттарын көтерулері, әдістемелік жұмыстармен айналысулары, оқушыларын түрлі сайыстарға даярлаулары оқушының функционалдық сауаттылығын арттыруға жол ашпақ. Өйткені осының барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Білім-білігі жоғары ұстаз оқушыларды оқытуда пайдаланатын тиімді әдістемелік әдіс-тәсілдері арқылы балалардың сабақта алған білімін өмірмен ұштастыруға үйретеді. Және осындай жоғары санатты ұстаздар өздерінің іс-тәжірибесімен соңдарынан еріп келе жатқан жас педагогтермен бөлісіп отырады. Осы мақсатта мектеп-лицейде жоспар бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Солардың бірі оқушылардың әдебиетке деген құлшынысын арттыру, мәдениеттілікке, ұлтжандылыққа баулуды мақсат еткен әлемдік классик жазушылардың прозалық шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу сайысы болды. Сайыскерлер қазақ немесе орыс тілінде таңдап алған үзінділерін оқыды. Әр оқушыға 5 минут уақыт бөлінді. Оқушылар өз шеберліктерін образға ену, дауыс ырғағын құбылтып оқу, әуенмен астарлау, слайд көрсету арқылы көрсете білді. Сайыскерлер арасынан Қайыргелді Әбдірахмановтың мәнерлеп оқу шеберлігіне дөп келер оқушы табылмады.

“Білім – тұл, тілден шығып есілмесе” дегендей, оқушының сөз мәдениетін қалыптастыруды басшылыққа ала отырып, бүгінгі күні тіл сабақтарына қосымша сағат бөлінді. Әрі кабинеттері компьютермен, қажетті әдістемелік материалдармен жабдықталды. Сабақта оқушылардың ой еркіндігін сезінулеріне, өз пікірлерін айқын айта алуларына жағдай жасау арқылы олардың сөз мәдениеті дағдыларын қажетті дәрежеде меңгеруге мүмкіндік берілген. Оқушының әлемдік бәсекелестікке қабілетті болуы үшін үштұғырлы тіл саясатын ерте жастан бойға сіңіру маңызды. Сондықтан жаз айларында ағылшын тілін тереңірек меңгерту үшін арнайы лагерь жұмыс істейді.

Ләйлә ЖОЛДОҒАРИНА,

әл-Фараби мектеп-лицейінің

 қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp