«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕЖІРЕЛІ БІЛІМ ҰЯСЫ

Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған қасиетті қарашаңырақ – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының құрылғанына 90 жыл толады.

«Мектебі жақсы елдің – ертеңі жақ­сы», – деп Ыбырай Алтынсарин айт­қандай, мұғалімдер еңбегінің жемісі шәкірттерінің қол жеткізген табыста­рына байланысты екені белгілі. Мен бұл мақалада мектебіміздің мәртебесін биіктетіп, іргесін бекіткен жандар тура­лы сөз етпекпін.

Білім ордасына басшылық еткен Ғалым Хамзин мектеп-интернаттың негізін салды. Бұл уақыттарда білім беру ісіне Рашида Азаматова, Мариям Мырзатаева, Бәрменбай Темірбола­тов сынды ұстаздар белсене араласты. Осындай ұстаздардың болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де біліммен су­сындатқандарын өңір халқы әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр. Өмірге ұр­пақ әкелген аналарды қалай ардақта­сақ, саналы оқушыны тәрбиелеуге зор үлес қосқан мұғалімдерді де құр­меттеуіміз керек. Майталман маман­дардың ісін соңдарынан ерген өске­лең жас ұстаздар жалғастырды. Олар­ды да әр баланың қабілетін шыңдап, сенімін нығайтып, ертеңіне жол аш­қан ұстаздар деп нақты айтуға бола­ды. Менің пайымдауымша, аға буын мен соңдарынан келе жатқан жастар­дың арасындағы ортақ мақсат-мін­деттер, ортақ мазмұндық жүйе оқу­шылардың үйлесімді жетіліп, тұлға­сының қалыптасуына оң әсер етті. Мектеп өміріміздегі басты әлеуметтік институттардың бірі десек, ондағы жұмыстың дұрыс үйлестірілуі қоғам үшін аса маңызды. Жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген жас көшбасшылар мектебіміздің мәртебесін асқақтатып, әрдайым биіктен көріне білді. Бүгінде білім ошағы қасиетті қарашаңырақтан тү­леп ұшқан шәкіртерімен мақтанады. Рухани саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өр­леуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып отыр. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының биік болуы да білімге келіп тіреледі емес пе?

Торқалы тоқсан жыл ішінде білімі теңіз ғалымдар да, жұлдызы биік өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері де, елдің біртуар азаматтары да осы ұядан түлеп ұшты. Ұлағатты ұстаздар қауымы оқушыларға энциклопедия­лық білім беріп, оларды облыстық, республикалық, халықаралық жарыс­тарға жоғары деңгейде даярлап, өңіріміздің мерейін өсірді. Одан бө­лек, мектеп қабырғасында түрлі жиындар мен іс-шаралар жиі өтетін.

Аға буын өкілдерінің көшбасшылық жұмысын Ғалым Қадралин, Қарақан Сейітов, Жақсылық Мұқажанов, Гүл­жан Жұмашқызы сияқты тұлғалар жал­ғады. Білім нәрімен шәкірттердің бо­йына жақсы қасиеттерді дарытқан, бер­гендері көп тәжірибелі мектеп дирек­торлары тәрбие мен білімді шәкірттер­ге қатар беру міндетін орындап, жаңа­шылдық енгізуде де алғы шептен көрінді. Ұстаздардың көл-көсір ең­бегінің арқасында мектептен жан-жақ­ты дамыған жастар түлеп ұшып, ел тұт­қасын ұстап, халыққа пайдалы игі іс­терге ұйытқы болды. Атап айтқанда, жуырда марқұм болған облыстың құр­метті азаматы Болат Сағындықов, педа­гогика ғылымдарының докторы Сәбит Қуантаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Есімбе­ков, режиссер, қазақ кино өнерінің қайраткері Аяған Шәжімбаев біздің мектептің түлектері екенін мақтаныш­пен айтамыз.

Аға буынның осындай ізгілікті іс­терін кейінгі жас буын жалғастырды. Әлия Малдыбаева, Алтынжан Жиен­баева, Бекет Мұстафин, жас болса да өз ісінің маманы, оқу ісінің меңгерушісі Гүлнар Әбішова білім беру ісіне білек сыбана кірісіп, талай оқушының бағын ашып, биіктен көрінуіне себепші бол­ды. Олардың алдын көрген шәкірттері де бұл күні білімді маман атанып, ел ер­теңі үшін қызмет етіп жүр. Мысалы, Ер­жан Біржанов қаржы вице-министрі, Жанар Таласпаева филология ғылым­ның кандидаты, профессор, Бауыржан Тілеужанов Ұлттық ұлан академиясы­ның қызметтік-жауынгерлік қолдану тактика кафедрасы бастығының орын­басары болып қызмет етсе, Күнсұлу Шаяхметова – М.Әуезов атындағы қа­зақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актрисаларының бірі. Ал Әзімбек Байлин болса өнерсүйер жұртшылықты таудай талантымен қуантып жүр. Жанар Құлыбекова, Гүл­мира Мұхамеджанова есімді ұстаздар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінде жастарға тәлім беруде. Жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов мен ақын, марқұм Зейнол­ла Әкімжанов та – осы мектептің тү­лектері.

Осындай тұлғаларға тәлім берген ір­гелі білім ордасының мерейтойы еске­русіз қалмай лайықты деңгейде, мазмұнды түрде аталып өтілсе нұр үсті­не нұр болар еді. Бұл тілегімізге өңір басшылығы да назар салып, қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Күләш РАХМЕТОВА,

білім беру саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp