Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған қасиетті қарашаңырақ – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының құрылғанына 90 жыл толады.
«Мектебі жақсы елдің – ертеңі жақсы», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалімдер еңбегінің жемісі шәкірттерінің қол жеткізген табыстарына байланысты екені белгілі. Мен бұл мақалада мектебіміздің мәртебесін биіктетіп, іргесін бекіткен жандар туралы сөз етпекпін.
Білім ордасына басшылық еткен Ғалым Хамзин мектеп-интернаттың негізін салды. Бұл уақыттарда білім беру ісіне Рашида Азаматова, Мариям Мырзатаева, Бәрменбай Темірболатов сынды ұстаздар белсене араласты. Осындай ұстаздардың болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де біліммен сусындатқандарын өңір халқы әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, саналы оқушыны тәрбиелеуге зор үлес қосқан мұғалімдерді де құрметтеуіміз керек. Майталман мамандардың ісін соңдарынан ерген өскелең жас ұстаздар жалғастырды. Оларды да әр баланың қабілетін шыңдап, сенімін нығайтып, ертеңіне жол ашқан ұстаздар деп нақты айтуға болады. Менің пайымдауымша, аға буын мен соңдарынан келе жатқан жастардың арасындағы ортақ мақсат-міндеттер, ортақ мазмұндық жүйе оқушылардың үйлесімді жетіліп, тұлғасының қалыптасуына оң әсер етті. Мектеп өміріміздегі басты әлеуметтік институттардың бірі десек, ондағы жұмыстың дұрыс үйлестірілуі қоғам үшін аса маңызды. Жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген жас көшбасшылар мектебіміздің мәртебесін асқақтатып, әрдайым биіктен көріне білді. Бүгінде білім ошағы қасиетті қарашаңырақтан түлеп ұшқан шәкіртерімен мақтанады. Рухани саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып отыр. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының биік болуы да білімге келіп тіреледі емес пе?
Торқалы тоқсан жыл ішінде білімі теңіз ғалымдар да, жұлдызы биік өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері де, елдің біртуар азаматтары да осы ұядан түлеп ұшты. Ұлағатты ұстаздар қауымы оқушыларға энциклопедиялық білім беріп, оларды облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға жоғары деңгейде даярлап, өңіріміздің мерейін өсірді. Одан бөлек, мектеп қабырғасында түрлі жиындар мен іс-шаралар жиі өтетін.
Аға буын өкілдерінің көшбасшылық жұмысын Ғалым Қадралин, Қарақан Сейітов, Жақсылық Мұқажанов, Гүлжан Жұмашқызы сияқты тұлғалар жалғады. Білім нәрімен шәкірттердің бойына жақсы қасиеттерді дарытқан, бергендері көп тәжірибелі мектеп директорлары тәрбие мен білімді шәкірттерге қатар беру міндетін орындап, жаңашылдық енгізуде де алғы шептен көрінді. Ұстаздардың көл-көсір еңбегінің арқасында мектептен жан-жақты дамыған жастар түлеп ұшып, ел тұтқасын ұстап, халыққа пайдалы игі істерге ұйытқы болды. Атап айтқанда, жуырда марқұм болған облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов, педагогика ғылымдарының докторы Сәбит Қуантаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Есімбеков, режиссер, қазақ кино өнерінің қайраткері Аяған Шәжімбаев біздің мектептің түлектері екенін мақтанышпен айтамыз.
Аға буынның осындай ізгілікті істерін кейінгі жас буын жалғастырды. Әлия Малдыбаева, Алтынжан Жиенбаева, Бекет Мұстафин, жас болса да өз ісінің маманы, оқу ісінің меңгерушісі Гүлнар Әбішова білім беру ісіне білек сыбана кірісіп, талай оқушының бағын ашып, биіктен көрінуіне себепші болды. Олардың алдын көрген шәкірттері де бұл күні білімді маман атанып, ел ертеңі үшін қызмет етіп жүр. Мысалы, Ержан Біржанов қаржы вице-министрі, Жанар Таласпаева филология ғылымның кандидаты, профессор, Бауыржан Тілеужанов Ұлттық ұлан академиясының қызметтік-жауынгерлік қолдану тактика кафедрасы бастығының орынбасары болып қызмет етсе, Күнсұлу Шаяхметова – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актрисаларының бірі. Ал Әзімбек Байлин болса өнерсүйер жұртшылықты таудай талантымен қуантып жүр. Жанар Құлыбекова, Гүлмира Мұхамеджанова есімді ұстаздар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жастарға тәлім беруде. Жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов мен ақын, марқұм Зейнолла Әкімжанов та – осы мектептің түлектері.
Осындай тұлғаларға тәлім берген іргелі білім ордасының мерейтойы ескерусіз қалмай лайықты деңгейде, мазмұнды түрде аталып өтілсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тілегімізге өңір басшылығы да назар салып, қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Күләш РАХМЕТОВА,
білім беру саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі.