«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕЖІРЕ-ҒҰМЫР

1967 жыл. Қаңтар айының алғашқы күндері КазГУ-дың үлкен акт залында елге әйгілі Сәбит Мұқановпен кездесу болды. Ертегідей шаһарды да, аңыз жазушыны да алғаш рет көргенім. Сәбең әзіл-оспаққа жүйрік, айтқыш ойнақы сөйлейді екен. Аудиторияны өз уысында ұстап, қызықты шығармашылық ойларымен бөлісті.

Есімде қалғаны: он алты томдық таңдамалы шығармаларым шықпақшы, «Госплан» терлейді» дегені бар. Әсіресе Шоқан Уәлиханов өмірінен трилогия жазуға кірістім. Себебі мен өзім 1913 жылы энциклопедист-оқымысты Шоқанның Көкшетау дуанындағы Айыртау болысында тұратын бауыры Қоқыштың үйінде Шоқанның суреттерін көрген едім. Екінші рет осы ұлы шаңырақта 1921 жылы болдым. Осы жылы жазғытұрым уақытында ақ бандылар Қоқыштың үйіне басып кіріп, Шоқан мен Мақының (1845-1916) қымбат жәдігерлерін құртыпты. Әңгімешіл, шежіреге жетік Қоқыш ақсақал Абылай хан, Уәлі, Шоқан, Жақып, Мақы, бір сөзбен айтқанда, Абылайхан заманы, Шоқанның ата-тегі, өмірі жайында мол деректерге қанықтым деді. «Шалың, жасы 66-да бола тұра ауыр жұмысқа жегілдім» деп ойын бір түйді. Шоқан туралы жазу – күрделі шаруа. Қазақтың кең даласын, Сібір өлкесін, Қытайдың Қашғариясын, Қырғыздың Алатауын шарлаған. Петербургте әйгілі оқымыстылармен араласуы бар, пікірлесуі бар. Сонда деймін-ау, Шоқанның ғаламат парасатты тұлғасы, дария білімі, даналық ілімі қандай екен-ау деп қайран қаласыңдар деген-ді. Сөйтіп, мол әсерге бөленгенім бар.

1967, 1970 жылдарда жарияланған «Аққан жұлдыз» дилогиясында Сабалақтың (Абылай ханның) балауса шағында Төле бидің қолында болғаны, содан соң Қарауыл Дәулеткелді байдың жылқысын баққаны, сонан соң «ғайыпты болжайтын әулие», «сиқырлы оқумен аспаннан періні түсіріп, жерден жынды буатын» ғұлама, емші, имам, Бұхарда 30 жыл оқыған, 12 пәнді тәмамдаған Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымға Уәліханның құда түсуі, Уәлінің 1815 жылы дүниеден озуы, «шұбар төс аққу» Айғанымның князь Николайға ұнап, оның Көкшетау дуанының аға сұлтаны сайлауы, ордасын жасақтауы, Айғанымның Шорманмен құдаласуы сөз болады.

«Аққан жұлдыз» дилогиясының 2-ші томында Г. Х.Гасфорттың өміртарихы және оның Орта Азия халықтарының жер-суын, әскери қуат-күшін, салт-санасын, әдет-ғұрпын қалайша меңгеру тәсілдерін, Россияның отаршылдық саясатын тереңдету мақсатында «Ганнибалдан бір де кем болмас қалпы бар» Шоқанды өзіне жәрдемші ету, тағы да сол ХІХ ғасыр ішіндегі саяси жағдайлар кемел сипатталған.

Ұшқыр ойлы балауса Шоқанды «О, адам! Бірінші адам!» деп Ф.М.Достоевскийдің бағалауы да қандай үздік сипаттама! Дилогияда Шоқанның тағдырластары, мұраттастары Доржи Банзаров пен Г.Н.Потанин жайындағы сыр-сұхбаттар, сонымен қатар Петербургте өнер көрсеткен Дәулеткерей мен Тәттімбет күйшілер хақындағы тарихи әңгімелер, Шоқан мен Айжан арасындағы ғашықтық сырлар, Нарғыз бейнесі және оның қайғылы-қасіретті өмірінен туған Дайрабайдың «Қапыда өткен қарындас», «Суға кетті-ау, еркетай?!» дейтін күйлері, Көкшетау, Бурабай өңірінің тарихы, қазақтың би-шешендерінің тұлғасы суреттелген.

Жалпы ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен Шоқан тұлғасы мен оның ортасы жақсы көрсетілген.

Негізінде Сәбеңнің «Аққан жұлдыз» дилогиясында этнографиялық көріністер (қыз ұзату, Зейнептің бүркіт миына жерік болуы, киіз үй құрылымына, ас-суға, аяқ-табаққа, киім-кешекке қатысты), сирек қолданылатын мақал-мәтелдер, фразеологиялық оралымдар, тарихи жер-су атаулары жеткілікті. Айталық: «Ел – сүңгі мұз: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді», «Қыдыр қараша үйге қонақтайды», «Тышқанға жүн біткен сайын қалтырауық». Мына бір сөз тіркестеріне ой жүгіртейік: «ақылына айғыр салу» (байқау, тексеру деген мағынада), «істік ұшына шығу» (шегіне шыққан ушыққан іс) «Ас-суға қылап әйел» (таза, ұқыпты). «Балағынан шуы шыққан» (салақтық).

Сәбеңнің әрбір романы – оқырмандар үшін өзгеше бір тарихи оқиға еді. Бір ғана «Жұмбақ жалау» (1938) романына әдебиет сүйер қауымнан 1000-ға жуық хат алған. 1960 жылдарда мектеп қабырғасында жүргенде Сәбеңнің шығармасын ел қалайша жапа-тармағай оқығанын көзім көрді.

Замана жыршысы, әмбебап дарын Сәбит Мұқановтың 1964 жылы жарық көрген «Өмір мектебінің» жалғасы «Есею жылдары» дейтін мемуарлық туындысында ХХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік, саяси жағдайлар мен ел өміріндегі, руханият әлеміндегі, саясат майданындағы іргелі, күрделі құбылыстар, қайшылығы мол көріністер және қазақтың абыройын асқақтатқан, самұрықша самғаған саңлақ тұлғалардың ерен, ерекше елдік-мемлекеттік істері шынайы таза қалпында әңгімеленеді. Және өзінің телегей сыр-сезімімен, тәжірибесімен, көрген-білген, естіген, түйгендерімен бөліседі. Әлбетте, қу заманның құрық бойламайтын қулықтарына шырмалғаны да бар. Қалай десек те «Есею жылдары» романы – сол бір тауқіметті дәуірдің айнасы. Мұнда тарихи-мәдени, саяси, әдеби мағлұматтар мол.

Сәбит Мұқанов И.В.Сталиннің қабылдауында болғанын, ол Әліби Жангелдин мен Ғаббас Тоғжановты білгенін, «Шығыс» баспасының қазақстандық бөлімін Әбдірахман Байділдин меңгергенін 1926 жылы «Бостандық туы» газетінің секретары, 1929 жылы «Кеңес аулы» газетінің редакторы, баян етеді.

Әсіресе академик-жазушы Сәбит Мұқановтың ұлт тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Әбілқайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Сейітқали Меңдешев жайында айтқандары толғандырмай қоймайды.

«Адасқандар» романында кейіпкердің аузына «Көркемдік Мағжан өлеңінде ғана!» деген сөйлемнің өзі біраз сырды аңғартады.

Бір ескеретін мәселе, 1988 жылы ұлы ақынның мұрасы ақталғанда Сәбит Мұқановтың осы еңбегіндегі өмірбаяндық деректерге сүйенгені рас еді. Айтпақшы, 1995 жылдың желтоқсанында Сәбит Мұқанов музейінде осы еңбектің негізінде «Академик-жазушы Сәбит Мұқанов – әдебиет тарихшысы һәм сыншысы» деген тақырыпта баяндама жасағаным бар. Бұл сабаққа Мариям Мұқан келіні, Сафуан Шәймерденов, Тұрсынбек Кәкішұлы қатысып, сөз сөйлеген-ді.

ХХ ғасыр басындағы әдебиет, мәдениет тарихы мен ұлт зиялыларының өмірін, саяси-қоғамдық көзқарасын жетік, толық, жан-жақты зерделеген Тұрсынбек Кәкішұлы Алатаудың үш сеңгіріндей Сәбит – Мағжан – Сәкен байланыстарын тарихи деректер мен құжаттарға жүгіне отырып, Мағжан Жұмабаевтың 1937 жылдың 20 ақпанында Сәбит Мұқановқа хат жазғаны, Алматыға дереу 25 наурызда көшіп келгенде Жазушылар Одағының басшысы Сәбит Мұқановтың І Алматы вокзалынан күтіп алғаны, Мағжан Сәкенге сәлем беремін дегенде Сәкеннің шаңырағында екеуінің шұрқырасып табысқаны, ертеңінде Сәбиттің үйіне қонақ болғаны айтылған. Осылардың өзі-ақ қырықтың қырқасына енді шыққан, замана бұрқасынына, талқысына тап болған ұлт серкелерінің, сөз зергерлерінің азаматтық асқақ тұлғасын танытады.

Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов: «40-шы жылы «Ботагөзді» оқыдым, әдебиетші болуға, көзқарасымның қалыптасуына осы роман үлкен ықпал етті», – дейді.

Руханият тарихындағы өрен тұлға Сәбит Мұқановтың шығармашылық жолы – даналықтың, ізгіліктің, қайраткерліктің, ғұламалықтың жолы. «Сәбең – нағыз қаһарман тұлға!» (Әбдіжәміл Нұрпейісов), толқыны аспанға атқан оман дария дерсің!

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp