Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылдық округі шекарада орналасқан. Жол шалғай. Содан да болар, мұндағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары – Қулыкөл, Қаратал, Береке елді мекенінің тыныс-тіршілігі жайлы көп айтыла бермейді. Елдің шетінде жатқан үш ауылдағы ахуал жайлы округ әкімі Бақытжан Кендірбаевпен әңгімелестік.
– Бақытжан Кеңесұлы, сіз сайланған әкімсіз бе, әлде тағайындалдыңыз ба?
– 2023 жылы 22 мамырда округ әкімі лауазымына үміткер ретінде сайлауға қатыстым. Жергілікті тұрғындар бір ауыздан қолдап, округ әкімі қызметіне сайландым. Сол күннен бері сенім артқан тұрғындардың үмітін ақтау үшін еңбек етіп жатырмын.
– Өзіңіз басқарып отырған Қулыкөл ауылдық округінің бүгінгі тыныс–тіршілігі жайлы не айтар едіңіз?
– Қулыкөл ауылдық округінің құрамына Қулыкөл, Қаратал, Береке ауылдары кіреді. Округ орталығы – Қулыкөл. Қаратал ауылында 51 отбасы бар, негізгі мектеп жұмыс істеп тұр. Берекеде 36 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Мұнда да мектеп бар. Қаратал ауылында балалар ойнайтын және футбол алаңының құрылысы жүріп жатыр. Қулыкөлде 166 отбасы тұрады. Округ орталығында орта білім ордасы жұмыс істейді, ол Мұхтар Әуезовтің атында. Ауылымызда Мәдениет үйі және ауылдық кітапхана бар. Бүлдіршіндерге арналған екі балалар алаңы ашылған. Ересек балаларға арналған футбол, баскетбол және волейбол алаңдары жабдықталған. Мәдениет үйінде ауыл тұрғындары үстел теннисін, дойбы, шахмат ойнау үшін барлық жағдай жасалған. Округтегі үш ауылдың да көшелері жарықтандырылған.
– Ауылдың әлеуетін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әуезов орта мектебі биылғы жылы күрделі жөндеуден өтті. Қулыкөл мен Қаратал арасындағы күре жол жөнделеді деген жоспар бар. Оған қажет құрал-жабдықтар жеткізілуде. Сонымен қатар Ақмола обылысымен арадағы аудандық жол да жөнделіп жатыр. Бұл жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Тағы бір айта кететіні, 2025-2026 жылдары Қулыкөл ауылында үй-үйге ауызсу тарту жоспарланған. Осы жоба аясында жоспарланған жұмыстың 50 пайызы орындалды.
– Округ тұрғындары жұмыспен қамтылған ба?
– Үш елді мекенде 1162 адам тұрады. Округ тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі күнде үш ауылда 5491 бас ірі қара, 4507 қой, 1407 жылқы бар.
– Осынша түлікті бағуға жайылым жер жете ме?
– Жайылым жеткілікті.
– Үш ауылға тағы не керек?
– Қулыкөл ауылдық округі аудан орталығынан да, облыс орталығынан да жырақта жатқаны белгілі. Шекарадағы ауылдарда шешілмеген мәселе көп. Басты мәселе – жолдың сапасы. Тұрғындардың қалауы – Қулыкөл ауылдық округін аудан орталығымен байланыстыратын жолға күрделі жөндеу жасау.
Балалар және жастар шынығатын спорт кешені салынса жақсы болар еді. Сонымен қатар соңғы екі жылдан бері аудан әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарынан сұрап жүрген тағы бір өтінішіміз бар. Ол – ауылдағы жастар саябағына күрделі жөндеу жүргізу.
– Округ тұрғындарының орташа жасы қанша?
– Жергілікті тұрғындардың орта жасы 45-50 шамасында. Қаладан ауылға жастарды қайтадан тарту оңай іс емес. Олар ауылға келгенімен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардан қалыс қалады. Дегенмен ауылға қоныс аударуға ниет танытып жүрген жастар бар.
– Қандай мамандар тапшы?
– Қаратал ауылындағы мектепке физика пәнінің мұғалімі қажет. Қалған пәндер бойынша мамандар бар.
– Округ аумағындағы үш мектепте қанша бала білім алып жатыр?
– Қулыкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте 2023-2024 жылғы оқу жылында 169 бала оқыса, осы оқу жылында 153 оқушы білім алып жатыр. Береке негізгі мектебінде өткен оқу жылында 28 бала білім алса, биыл бала саны 32-ге жетті. Бұл жаңалық бізді қуантып отыр. Ал Қаратал негізгі мектебінде бала саны керісінше азайды.
– Осыдан екі жыл бұрын Қулыкөл ауылында ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, мектеп басқара жүріп, жәдігерлерге бай этнографиялық мұражай ашқан марқұм Мұхтар Әутәліповпен сұхбаттасқан едім. Ол кісінің де өмірден өткеніне екі жылға жуықтады. Жәдігерге бай мұражай жетім қыздың күйін кешіп қалған жоқ па?
– Мұхтар Әутәліпұлы – менің ұстазым. Ол кісі көзі тірісінде: «Қазақ даласының әр төбесі – тұнған тарих. Тілін тауып сөйлете алсаң, әңгімешіл. Жер әңгімешіл болған соң онымен етене өскен ел әңгімешіл» дейтін. Ол кісінің мұрындық болуымен ашылған М.Әуезов атындағы орта мектептегі этнографиялық мұражай 1988 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін мыңдаған адам тірнектеп жиналған жәдігерлермен танысты. Мұражайда тұрған экспонаттар – Сілеті өңірінде тұратын адамдар тегін әкеліп тапсырған заттар. Бұлардың барлығы – олардың ата-бабаларының, әке-шешелерінің көзіндей көріп, қадірлеп сақтаған баға жетпес бұйымдары. Қазіргі таңда мұражайда екі мыңға жуық жәдігер бар. Мұражай жұмысына жауапты кісі тағайындалған. Ауылымыздың мақтанышына айналған мұражай жұмысын ұйымдастыру және жылдар бойы жиналған мол мұраны шашау шығармай ұстау – бәрімізге ортақ міндет.
– Шалғайда жатқан ауылдарды дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Шалғайда орналасқан ауылдарды дамыту жайы талай талқыланғанымен, бір нақты шешімі айтылған жоқ. Менің ойымша, мұндай ауылдарды сақтап, дамыту үшін сапалы жол салу және ауызсуды үй-үйге тартып беру керек. Сонымен қатар мұндай шалғай ауылдарда мал шаруашылығымен айналысқан өте тиімді. Ауыл тұрғындарын жиі толғандыратын шабындық пен жайылым мәселесін шешетін тетік іске қосылу қажет. Тағы бір айта кететін жағдай, шалғайдағы ауыл тұрғындарының мал өсіруіне, бордақылауға және шаруашылық техникаларын алуларына «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие санын көбейткен жөн. Бұл мәселелер шешілсе, елді мекендерді дамытуға болар еді.
– Уәлиханов аудандық ауруханасын Тайынша қаласына көшіру мәселесі көтерілгеніне бірнеше ай болды. Бұл шешім экономикалық жағынан тиімді дегенмен, жергілікті тұрғындар үшін салдары қандай болмақ?
– Уәлиханов аудандық ауруханасын Тайыншаға көшіру шалғайда орналасқан Қулыкөл округінің тұрғындарына ауыр соққы болып тигелі тұр. Қарттарымыз, кішкентай балалар, жүкті әйелдер қалай жетеді? Бұдан бөлек, ет пен сүйектен жаратылған соң ауырмай тұрмаймыз. Бүгінгі күнде ауыл тұрғындары үшін 180 шақырым жердегі аудан орталығы Кішкенекөлге жетудің өзі қиын. Енді бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, Тайынша қаласына қалай бармақ?
– Ауылға аудан, облыс басшылары ат басын бұра ма?
– Аудан әкімі Мұрат Абдулов айына бір рет, кейде екі айда бір рет келіп тұрады. Осы іс сапарлар аясында тұрғындармен кездесіп, олардың толғандырып жүрген мәселелері жайлы сөйлесеміз. 2024 жылдың қазан айында Қулыкөл ауылдық округіне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келді. Елді мекенді аралап, шаруа қожалықтарының басшыларымен және жеке кәсіпкерлермен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Осы сапар аясында жоғарыда айтылған жобаларды нақтылап берді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».