«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКАРАДАҒЫ ҚАТАҢ ТӘРТІП

Сағат таңғы жеті. Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауда­ны, Пресновка ауылында Ресей Федерациясы шекарасынан 12 шақы­рым жерде орналасқан «Жамбыл» шекара заставасында тұрмын. Қа­сымдағы серігім – шекара заставасының бастығы, капитан Азамат Маженов 1992 жылы 20 сәуірде Түркістан облысы, Леңгір қаласында дүниеге келген. 10 жылдық тәжірибесі бар шекарашы мені бөлімше ау­мағымен жүргізіп, заставаның тарихы туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл застава шекарашылардың қолымен тұрғызылған. Құ­рылыстың негізгі кезеңі 2002- 2005 жылдары сол кездегі лейтенант Ал­маз Шаяхметов және аға лейтенант Мақсат Тұрысбеков басқарған кез­де қаланған.

Жеке құрамның күнделікті өмірі шекараны патрульдеуден шектел­мейді, сонымен қатар шекара белдеуіндегі жергілікті тұрғындардың құжаттарын тексеру, шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттерінің жолын кесу, контрабандаға қарсы күрестен тұрады. Заставадағы заманауи жабдықтар – термокамералар, түнгі көру құралдары, дрон, трактор, 4 автомобиль шекарашылардың алдыға қойған тапсырмаларды бұлжыт­пай орындауына көмектеседі, дегенмен бұл жерде ең бастысы – әрбір шекарашының қырағылығы мен кәсібилігі.

Заставаның аумағынан өтіп, шекара бөлімшесі орналасқан Прес­новка ауылына бет бұрдық. Әңгімелесіп келе жатып жазушы Иван Петрович Шуховтың әдеби-мемориалдық мұражай үйіне қалай жа­қындағанымызды байқамай қалдым. «Простор» республикалық әде­би-көркем журналын басқарған белгілі жазушы И.П. Шухов өмірінің соңғы жылдарында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Преснов хикаялары» атты көп жанрлы шығармалар жинағын жазған.

Жамбыл ауданы жалғыз Иван Шуховпен ғана танымал емес. Благо­вещенка ауылының маңындағы Гүлтөбе деген жерде Тәуке ханның серігі, 25 жасынан бастап хан әскерінің бас қолбасшысы болған Қожа­берген жырау дүниеге келген. Қожабергеннің әйгілі туындысы – «Елім-ай» дастаны халық есінде сақталған. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ғабит Мүсірепов те Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында дү­ниеге келген.

Осындай атақты адамдарды дүниеге әкелген Жамбыл ауданының тұрғындары шекара бөлімшесінің әскери қызметшілеріне көмекке ке­луге әрқашан дайын. Олай дейтінім, жергілікті тұрғындар арасынан 7 адам ерікті жасақтың құрамына кіреді.

«Жамбыл» шекара бөлімшесінің бастығына жеке құрамды тәрбие­леуге лейтенант Бақытбек Асылбекұлы көмектеседі. 2024 жылдың қа­раша айында оның ұйымдастыруымен Пресновка ауылындағы мектеп оқушылары арасында «Шекарашының жас досы» клубының мүше­лерінің қатысуымен ауқымды іс-шара өткізілді.

Застава – бұл жай ғана бетон мен ағаштан жасалған құрылымдар емес, бұл өз ережесі бар және Отанға қызмет етудің қиын, бірақ маңыз­ды жолын таңдаған адамдардан құралған шағын, өзін-өзі қамтамасыз ететін әлем. Бұл жерде бос жүріске, жалқаулыққа орын жоқ. Әрбір ше­карашы өз міндетін жақсы біледі және оны жауапкершілікпен орын­дайды. Жұмыс бір сарынды, ауыр болса да, ел шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса қажет.

Динара УТЕБАЕВА,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шекара қызметі департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp