«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКАРАДАҒЫ ӘУРЕ-САРСАҢҒА облыстық кәсіпкерлер палатасы араласты

Облыстық кәсіпкерлер палатасына бір күнде бизнес субъектілерінен ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі қызметкерлерінің іс-қимылына шағым жасаған екі бірдей өтініш түсті.

Алдымен 20 ақпанда палатаның құқықтық блогына қиыршықтас сатумен айналысатын “Ақжар Неруд” ЖШС-нің директоры Ғалымжан Ғизатов хабарласты. Кәсіпкер қазақстандық шекарашылардың оның Ресейден келген сатып алушыларына биыл бірінші рет шекара арқылы жүк өткізуге рұқсат бермегеніне реніш білдіріпті. Себебін түсіндірместен, “түсір” деп жекіген олар “КамАЗ”-ды кейін қайтарған. Сатып алушыларға бос қайт-қаннан басқа амал қалмаған.

“Сол күні біз бірден ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес істері жөніндегі агенттігінің облыстық департаментімен байланысып, аталмыш фактіні хабарладық және олардың бизнесті қорғау сайтында хабар қалдырдық. Сол сияқты, ҚР ҰҚК шекара қызметін құлақтандырдық”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының құқықтық қорғау бөлімінің бастығы Асқар Махмет.

Шекарашылар өздерінің бұл іс-әрекеттерін радиациялық көрсеткіштің көтерілуімен түсіндірмек болған.

“Жағдайды талқылаған кезде олар бізге жүктің радиациясы жоғары болғанын айтты, оған біз: “Егер ол расында солай болса, неге “КамАЗ”-ды бұрылып кейін қайтуға мәжбүр еттіңіздер?” – деген қарсы сұрақ қойдық. Шынында да, егер жүк расында қауіп туғызар болса, онда ол қоршауға алынып, арнайы шаралар жүргізілуі тиіс, мамандар оның радиациялық деңгейін тіркеуі, хаттама толтыруы және оны одан әрі жою жоспарын жасауы керек. Бірақ мұның бірі жасалған жоқ. Яғни, мұнда біздің пайымдауымызша, республикалық шекара қызметі тарапынан заң бұзушылық айқын байқалады”, – дейді Асқар Махмет.

Осындай араласудың арқасында ертеңіне шекарашылар “Ақжар Неруд” ЖШС-нің директорынан кешірім сұрап та үлгерді. Кәсіпкер жүргізілген жұмыстың нәтижесіне ризашылығын білдіріп, палата қызметкерлеріне шағымын жедел қарағаны және мәселені шешіп бергені үшін алғысын айтты.

Бұл күні осындай шағым тағы бір кәсіпкерден түсті. Оған Қазақстан-Ресей шекарасынан өткен кезде шекарашылар тарапынан негізсіз талаптар қойылып, көлігі бөгелген, жан-жақты байқау жүргізілген, тауарлық-көліктік құжаттары мен жеке куәлігі көшірмелері сұралған. Ал ресейлік тасымалдаушыларға мұндай талаптар қойылмайды.

Бірінші жағдайдағы сияқты аталмыш факті жайлы ҚР МҚК шекара қызметіне, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментіне хабарланды. Небәрі екі-үш күннен кейін кәсіпкер проблемаларын шешіп бергені үшін ризашылық білдірмек болып палатаға өзі келді. Оның айтуы бойынша, көлікті байқау мен бөгеу тоқтатылған көрінеді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp