Биылғы мамыр айының басында Уәлиханов ауданында іссапарда болып, сайлаушылармен кездесулер өткізген кезімде “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Маржан Латыпова көршілес Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы шекара маңындағы аумақтар тұрғындарының екі елдің мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісім күшінде екендігіне қарамастан, қазіргі уақытта шекараны жеңілдетілген тәртіппен кесіп өту орындарында қазақстандық азаматтардың құжаттарының аталмыш келісімге сәйкес болмауына байланысты кедергі туындап отырғандығын айтқан болатын. Мұндай түсініспеушілік біздің елімізде азаматтарды тіркеу кітабы мекенжай анықтамасымен алмастырылғандығына байланысты туындаған. Ресей шекарашылары бұрынғыша қазақстандықтардан өздерінің жеке куәліктеріне немесе төлқұжаттарына қоса азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесін ұсынуын талап етіп, оларды әуре-сарсаңға салатын көрінеді.
Осыған орай мен Парламент Мәжілісінің 18 мамырда болған жалпы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, одан шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне тиісті өзгеріс енгізуді, атап айтқанда, азаматтарды тіркеу кітабы көшірмесінің орнына мекенжай анықтамасын енгізуді өтінген едім.
Осы депутаттық сауалыма жақында Үкімет Төрағасының қолы қойылған төмендегідей ресми жауап келді:
“Сіздің 2006 жылғы 3 қазанда Орал қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісіміне (бұдан әрі − Келісім) өзгерістер енгізуге қатысты сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын:
Халықты тіркеу саласындағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының тіркелуін растайтын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің электрондық порталынан халыққа қызмет көрсету орталығы тұратын орны бойынша беретін анықтама болып табылады.
Тұратын орны бойынша азаматтарды тіркеуді растау үшін электронды құжат айналымы жүйесінің енгізілуіне байланысты азаматтардан тіркеу кітабын талап ету алып тасталды.
Қазақстанның шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде туындайтын проблемаларды назарға ала отырып, аталған Келісімге тиісті түзетулер енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуді мүмкін деп пайымдаймыз.
Келісімнің 10-бабына сәйкес оған жеке хаттамалармен ресімделетін Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер енгізіледі.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп халықаралық шартқа қажетті өзгерістерді енгізу бойынша тиісті жұмысты жүргізуде”.
Демек, Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын жеңілдетілген тәртіппен кесіп өту бекеттерінде орын алып отырған түсініспеушілік мәселесі жақын арада заңды жолмен оң шешімін табуға тиісті.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
“Нұр Отан” фракциясының мүшесі.