Қазақ халқы ежелден көрші елдермен тату болуға тырысқан. “Көршің тату болса, көңілің тоқ болар” демекші, бүгінде әлемдік сахнада өзіндік орны мен беделі қалыптасқан Қазақстан кез келген мемлекетпен ортақ тіл табысып, өзара ынтымақтаса әрекет етуді көздейді. Әсіресе, көрші елдермен қарымқатынасты нығайтып, тұрақты стратегиялық әріптестестікке басымдық беріп келеді.
Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бipi – Ресеймен өңіраралық қарым-қатынасты нығайту. Бұл мемлекетпен біздің ел ежелден тату көрші. Осы аптада Петропавл қаласында екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтетін ХV өңіраралық ынтымақтастық форумында бұл қарым-қатынастың жаңа белеске көтерілетіні, туризм саласының дамуына серпін берілетіні сөзсіз.
Екі елдің өзара мемлекеттік шекарасының ұзындығы 7591 шақырымға созылып жатыр. Бұл – әлемдегі екі ел арасындағы ең ұзын шекара. Соның бір бөлігі біздің өңір арқылы өтеді. Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің экономикалық тұрғыдан алғанда әлеуеті зор Түмен, Омбы, Қорған сияқты өңірлерімен шектесіп жатыр. Біздің “Қарақоға” шекара бақылау бөлімшесі Челябі-Екатеринбург бағытындағы “М-51” тасжолының бойында орналасқан. Биыл “ҚазАвтоЖол” акционерлік қоғамы облыстық филиалының ұжымы жүргізген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар шаруа тындырылды. Мәселен, қозғалыстың кіру және шығу бағыттарының аражігі анықталып, жеңіл және жүк көліктеріне, автобустарға арналған жол айырымдары белгіленген жол төсемі қайта жаңғыртылды. Шекарадан адамдардың жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін қосымша паспорттық бақылау кабиналары орнатылды. Жылдам әрі сапалы қызмет көрсету үшін мобильді жұмыс орындары ұйымдастырылды.
Мемлекеттік шекарадағы бақылау бөлімшелері еліміздің одан әрі дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Туризм саласының қанат жаюы, жаңадан туристік бағыттардың ашылуы шекаралық бақылау бөлімшелерінің қуатын арттыруды, онда әлеуметтік құрылымдар салуды қажет етуде. Мемлекеттік шекарадағы жағдайдың жедел дамуына байланысты шекаралық бақылау бөлімшелерінің қызметі де алға басуда. Біздің шекаралық бақылау бөлімшеміз арқылы туристер ағыны көп болатын жаз айларында күніне төрт мыңға жуық адам мен жүздеген көлік құралдары өтеді. Ал жалған құжат көрсетіп, шекара тәртібін бұзушыларды, оның ішінде шетел азаматтарын ұстау, оларды әкімшілік-тәртіптік жазаға тарту жұмыстары күнделікті атқарылады. Шекарашылардың қырағылығының арқасында контрабанда, есірткі заттары, қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, басқа да тыйым салынған материалдарды алып өтуге тосқауыл қойылуда.
Отан шебін сенімді күзету – мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі сөзсіз. Біздің шекара бақылау бөлімшесінің материалдық-техникалық жабдықталуы заман талабына сай. Қызметімізді алаңсыз атқаруға барлық жағдай жасалған. Шекарашыларымыз екі ауысымда жұмыс істейді. Шекаралық бақылау бөлімшесінде жолаушылар мен көліктер кептелісін тудырмау үшін он адам компьютермен тіркеу қызметін уақтылы өткізеді. Сержант Фархад Мұхамеджанов, ефрейтор Арман Мұхамбетов және басқа да шекарашыларымыз әрдайым өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап жүр. Алдағы форумға қатысу үшін біздің бекет арқылы өтетін меймандарымызға талапқа сәйкес қызмет көрсететінімізге сенімдімін.
Олжас САУСАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы шекара қызметі 2032 әскери бөлімі “Қарақоға” шекара бақылау бөлімшесінің бастығы, майор.
Мағжан Жұмабаев ауданы.