
Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған “Жұлдызай” халықаралық фестивалінің облыстық кезеңі өтті.
“ВІ-Жұлдызай” корпоративтік қайырымдылық қоры қолға алған шараға Білім және ғылым министрлігі, “Отандастар Қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қолдау білдіруде.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Наталья Сербинаның айтуынша, осымен он төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальға он мыңнан астам бала қатыспақ.
– Қор мамандары жинақталған тәжірибе мен алыс-жақын шетелдердің танымал инклюзивті жобаға деген қызығушылықтарын ескере отырып, биыл шараны халықаралық форматта өткізуді жөн көрді. Оған шетелдік балалардың қатысуы елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер вокал, ыммен ән орындау, аспаптарда ойнау, хореография, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер бойынша сынға түсті, – деді Наталья Сербина.
Фестивальда облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім беру мекемелерінің жүзден астам тәрбиеленушісі бақ сынады. Солардың бірі – Илья Найманов пен Яна Симонова жұптаса би биледі. Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты оқушыларының өнері көрермендерді таңдай қақтырмай қоймады.
Сайыс соңында елордадан келген қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар анықталды. Сайыскерлердің барлығы сертификатпен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар 26-28 мамыр күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайыстың халықаралық кезеңіне жолдама алып, 1 маусым күні Гала-концертке қатысады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.