«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКТЕУЛЕР БІРТІНДЕП АЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай мерзімін 11-ші мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Мерзімі ұзартылғанымен қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қойған кей облыстар карантин режімін жеңілдете бастады. Біздің өңірде де 28-ші сәуірден бастап балаларды аулада қыдыртуға, саяжайға баруға рұқсат берілді. Осы және өзге де жеңілдіктер жайында облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы брифингте хабарлады.

Карантин кезінде өңірімізде 131 мың қызметкері бар 5 мың 500 кәсіпорын жұмысын жалғастырып, тек шағын және орта бизнес қана уақытша қызметін тоқтатқаны белгілі. Енді Президенттің тапсырмасына орай алдымен жөндеу және құрылыс жұмысына тартылатын кәсіпорындар ашылады. Яғни, жол жөндейтін және жүк тасымалдаушы компаниялар, асфальт зауыттарының жұмысы жанданады. Шағын құрылыс компаниялары да іске кіріседі. Осылайша, тағы 45 мың адам жұмыстарына оралады.

– Осы аптада облыстағы 377 әлеуметтік маңызы бар нысанды жөндеу жұмыстары басталады. Бұл іске 6,5 мың адам тартылады. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтары кәсіпкерлер үшін жұмыс істеуін бастайды. Ал тұрғындар қызметтерді онлайн түрде алуын жалғастырады, – деген өңір басшысы дүкендердің де жұмыс кестесіне тоқталды. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің жұмыс уақыты өзгертіліп, енді олар таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін ашық болады. Оған қоса, саяжайға баруға рұқсат берілді.

Бұл рұқсаттың да қауіпсіздікті сақтау мақсатында белгілі шектеулері бар. Саяжайшылар діттеген жерлеріне жету үшін таңғы 5-тен 8-ге дейін арнайы автобус жүреді, ал жеке көлігі барлар үшін таңғы бестен жетіге дейін уақыт берілген. Күндізгі уақытта саяжайға баруға тыйым салынады. Өз көлігімен барғандар кешкі 5 пен 7 аралығында, ал автобуспен оралатындар кешкі 5-тен 8-ге дейін үйлеріне жетуі тиіс.

Қазіргі таңда ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу және кеңес алу-диагностикалық көмектер көрсетілуде. Оған қоса, адвокат кеңселері, автожуу, шиномонтаж, техникалық қызмет көрсету станциялары, химиялық тазарту, техника жөндеу нүктелері қайта ашылды. Бірақ тұрғындар өздері тұрып жатқан ауданда орналасқан нысандарға ғана баруы қажет.

– Елімізде табысынан айырылған жұмысшылар мемлекеттің қолдауына ие болуда. Облыста 94 мың адам 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар да қолдауға ие болуда. “Biz birgemiz!” қорынан 50 мың теңге 11 мың адамға берілді, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет екі ай бойы жеті санат бойынша азаматтардың коммуналдық төлеміне жәрдемдесетініне тоқталды. Белгіленген тәртіп бойынша өңірімізде мұндай көмекті алатын 37 мың адамның есепшотына 15 мың теңгеден түседі. Оған қоса, монополистер сәуірден барлық тұрғындарға тарифтерді 10 пайызға дейін төмендетті.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp