
Мамырдың 12-сінен бастап өңірімізде карантин режімін жеңілдетудің үшінші кезеңі басталды. Бұл туралы “Qyzyljar” облыстық телеарнасында ұйымдастырылған брифингте облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев мәлім етті.
Облыс бойынша бірқатар кәсіпорындар мен сауда орындары өз жұмысын жандандырады. “Өздеріңізге белгілі, біздің өңір аумағында шектеу шараларын жеңілдету 28 сәуірден бастау алған болатын. Соның нәтижесінде түрлі кәсіпорындарда қызмет ететін 58 мың адам өз жұмысына қайта кірісті. Енді жұмысы шектелген қалған нысандарды ашуға рұқсат етілді. Азық-түлік сатпайтын дүкендер мен базарлар, сұлулық салондары, балаларды дамыту орталықтары, мәдени нысандар және тағы басқа тұрғындар көп шоғырланатын орындар да бұдан былай санитарлық талаптарды сақтай отырып, есігін айқара ашпақ”, – деген Руслан Әлішев сауда-ойын-сауық орталықтарының, қонақүйлердің, мейрамханалар мен дәмханалардың әзірге жұмыс істемейтінін жеткізді. Оларды ашу мәселесін өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстық комииссия қарастыратын болады.
Облыс әкімінің орынбасары мәлімдегендей, енді солтүстікқазақстандықтарға сағат 21.00-ге дейін саябақтарда серуендеуге мүмкіндік туады. Спорттық жаттығулар отыз адамға дейінгі топтарда өткізіледі. Фитнесс-орталықтар мен балаларға арналған спорт нысандарын ашуға әзірге рұқсат берілген жоқ. Бұл талап аулалардағы спорт орындарына да қатысты. Яғни, ашық алаңдарда спорт шараларын ұйымдастыруға тыйым салынған.
Әзірге блокбекеттердің жұмысы тоқтатылмайды. Шетелден келетін азаматтар өңір аумағына кіргенде тестілеуден өтуге міндетті. Бұдан басқа, жолаушылар екі тәулікке карантинге жатқызылып, одан әрі үйде қатаң бақылауға алынады. “Төтенше жағдай режімі аяқталғанымен, облыс аумағына кіреберіс жолдарда, сондай-ақ Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарындағы мемлекеттік шекаралардағы блокбекеттер жұмысын тоқтатпайды. Облыстың өзге аудандары арасындағы бекеттер түгелдей ашық”, – деді Руслан Әлішев. Екі айға жуық жұмыс істемеген қоғамдық көліктер де қайта жүре бастады. Бірақ олар да жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда санитарлық талаптарды қатаң ұстануы қажет.
Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 науқас инфекциялық стационарда ем қабылдауда. 34 солтүстікқазақстандық провизорлық, 53-і карантиндік стационарда бақылауға алынған. Ал 408 адам үй жағдайында дәрігерлердің қарауында.