“Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің ел аумағынан тыс жерлерге шығып, саяхаттауға, ел көріп, жер аралауға құқығы бар. Десек те, қазір халықаралық әуежайларда, теміржол және автомобиль бағыттарында берешегі бар отандастарымызды жолынан қалдырып, шекарада ұстап қалу жайттары жиі ұшырасады. Не себепті шетелге сапар шеккелі тұрған ел азаматтары жолынан қалып жатады?” деген оқырман сауалына Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Мұрат Мұқанов жауап береді.
Аталмыш жағдайлардың орын алу себептерінің бірі борышкердің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуіне уақытша шектеу салу туралы сот санкциялаған сот орындаушысының қаулысының заңды күшіне енуі болып табылады.
“Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 1-тармағына сәйкес сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы, ал өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті. Борышкер азаматтың Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
Осылайша Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот орындаушысы соттың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады да, оны сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын іс-әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса тіркеледі. Сот орындаушысының қаулысын сот материалдар түскен күні қарауға тиіс.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның қолымен расталатын “Санкциялаймын” деген сот мөртаңбасын қою арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда судья атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы дәлел келтірілген ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымына Кодексте белгіленген тәртіппен шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.
Аталмыш қаулының көшірмелері мәлімет ретінде борышкерге, орындау үшін көші-қон рәсімдерін басқаруға құзырлы органдарға және Қазақстан Республикасының шекара қызметі органдарына жіберіледі, ол органдар базада сіздің борышты төлегеніңіз расталмайынша, сізді шетелге шығармайды. Осылайша борышкерге Қазақстан Республикасынан тыс кетуге тыйым салу сот шешімін орындауды қамтамасыз ету шараларының тиімдісі болып табылады.
Шетелдік медициналық мекемеде емделу немесе тексерістен өту үшін Қазақстан Республикасынан тыс шығу қажет болған жағдайда борышкер шекара асуға уақытша шектеуді тоқтата тұру үшін атқару ісін жүргізетін сот орындаушысына жүгіну қажет. Өйткені, “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” Заңның 33-бабының 3-тармағына сәйкес борышкер Қазақстаннан тыс жерлерде емделу қажет болған жағдайда шектеу тоқтатыла тұрылуы мүмкін.
Борышкердің ел аумағынан шығуына уақытша шектеу салу туралы сот орындаушысының санкцияланған қаулысына борышкер облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына оған қаулы көшірмесі берілген кезден бастап 15 күн ішінде жеке шағым келтіруге құқылы.
Атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындату бойынша міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау жөніндегі комитеті “Борышкерлердің бірыңғай тізілімін” жүргізеді. Борышкерді бірыңғай тізілімнен алып тастау осы заңның 36-бабының 3-тармағына сәйкес атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде жүргізіледі. Осыған байланысты, егер осы тізілімде мәліметі көрсетілген адамға қатысты сіз Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеуді қолданғыңыз келсе, сізге көрсетілген аумақтық органға жүгініп, ол адамның арыздану сәтінде берешегі бар екенін растайтын құжат алу керек.
Атқарушылық іс жүргізу бойынша қозғалған берешегі бар борышкерлерге Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығар кезде түсінбеушілік пен наразылықты болдырмау үшін және демалыстың шырқын алмау мақсатында халықаралық бағыттар бойынша авиабилеттерді сатып алмас бұрын өздерінің Қазақстан Республикасынан тыс шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлердің тізімінде бар-жоғын тексеріп алған жөн.
Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу салынған адамдар туралы ақпарат ҚР Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау жөніндегі комитеттің adilet.gov.kz ресми сайтында орналасқан.
(Ресми ақпарат).