«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕТЕЛДЕН ШИПА ІЗДЕУШІЛЕР НЕГЕ КӨБЕЙДІ?

Медицинаның мақсаты – адамның ден­саулығын сақтау, сырқаттарды емдеу және аурудың алдын алу. Еліміздегі денсаулық сақтау мекемелері түрлі емдік іс-шаралар­ды пайдаланып, тындырымды істер атқа­руда. Десек те соңғы кезде шетелге барып емделгенді құп көретіндер көбейіп келеді. Еліміздегі «Аналитик» талдау және сараптау орталығының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 18 678 қазақстандық өз қаражатымен шетелде ем алған. Арада екі жыл өткенде бұл көрсеткіш үш есеге өскен. Мамандар­дың айтуынша, емделуге барған азаматта­рымыз жылына шетелде 200 млн. долларға жуық қаражат жұмсайды екен.

Қала тұрғыны Алма Мұс­тафинаның баласына, дәрі­герлер диогноз қоя алмай бір жыл сенделткен. Сөйтсе бұл – миллионның бірінде кездесетін өте сирек ауру екен. Қоректік заттың жетіс­пеушілігінен дене мүше­лерінің көлемі кішірейіп, әлсірейді. Дәрігерлер өз­герістің неден болғанын анықтай алмаған. Алма Та­ласбайқызының айтуынша, Қазақстанда бұл ауру панде­миядан кейін көбейген. Білікті мамандар Аустрия, Германия, Ұлыбритания секілді елдердің заманауи клиникаларына қаралуға ке­ңес беріпті. Алайда Еуропада емделу үшін 20 миллион теңге қажет болған.

«Бауыр еті баласын» қа­лай да емдетемін деген ана денсаулық сақтау ми­нистрлігіне хат жолдайды. Министрлік Қазақстан мен Еуропа дәрігерлерінің кон­силиумын өткізіп, науқас­тың диагнозын ғана нақты­лап берген.

Петропавл қаласының сегіз жасар тұрғыны Алтаир Тәліповке қатерлі ісік диаг­нозы қойылды. Қоғамның назарын отбасындағы про- блемаға аудару үшін әкесі Данияр Тәліпов Петропавл­дан Астанаға дейін 700 ша­қырымды велосипедпен жү- ріп өткені бәріміздің есіміз­де. Қытайға барғанымен он­дағы дәрігерлер сүйек кемігін ауыстырмаған, тек химиялық терапиямен шектелген. Қазір Алтаирдің жағдайы өте ауыр. Астанадағы «Ана мен бала» орталығының маман­дары ота жасау қажет деп отыр.

Халық арасында «Қа­зақстандықтардың шетелге барып ем қабылдауы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя ал­мауының салдары» деген пікір кең таралған. Осы сұ­рақты дәрігерлер қауымына қойғанды жөн көрдік. Есіл аудандық ауруханасының дәрігері Аңсаған Сыздықов биыл Өзбекстан мен Қыр­ғызстанға барып келген екен. Сондағы көргенін сарапқа салып, екі елдің медицина­сын Қазақстанмен салысты­руға болмайды деген ойын айтты.

– Онкологияның ауыр түрімен ауыратындар шетел­де емделгенді жөн көреді. Шетелде күн тәртібі, емдеу тәсілі, күтімі, тамақтануы, жалпы науқасқа деген көзқа­рас ерекше болуы мүмкін. Бі­рақ Өзбекстанға барғандар­дың денсаулығы нашарлаға­ны қаншама?! Солардың көбі Астанада қайта ота жасатқан. Білім жағынан Американың медицинасынан үйренеріміз болғанымен, қызмет көрсе­туде ол жаққа да еліктеудің қажеті жоқ. Себебі онда ме­дицина – ақылы. Ақылы қызметті біздің халықтың қалтасы көтермейді, – дейді дәрігер.

Бір кездері Үндістанға ба­рып демалуды құп көрген қазақстандықтар қазір сол жақта барып емделуге құ­мар. Мұның мән-жайын Та­йынша көпбейінді ауданара­лық ауруханасының дирек­торы Мақсат Құдратуллаев түсіндірді.

– Үндістан медицина, фармацевтика саласында әрдайым шетелден маман­дар шақыртып, бірігіп опе­рация жасап, науқастарды емдеп, шеберлік сағатын өткізіп, жекеменшік меди­цинаны жақсы дамытып алды. Сондықтан Түркия, Корея, Израильмен салыс­тырғанда Үндістанда емделу арзан, – дейді Мақсат Кұд­ратуллаев.

Петропавл қалалық №3 емхананың дәрігері Әлия Тәшетова ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстан медицинасы көш ілгері екенін тілге тиек етті. Ден­саулық сақтау саласының мамандары елдегі медици­на көңілге қонымды, қалта­ға салмақ салмайтынын айтқанымен, «Шетелде ме­дицина саласы заманауи медициналық-диагности­калық құралдармен жаб­дықталған, сондықтан био­химиялық талдауларды жылдам әрі тез жасайды», «Қазақстандағы емханалар дәрі-дәрмекпен дұрыс қамта­масыз етілмейді», «Аса қажетті дәрі-дәрмектер жоқ» деген сыңаржақ пікір де көп айтылып жүр.

Осыған дейін жариялан­ған ресми деректерге көз жүгіртсек, Үкімет тарапынан медицина саласын қолдауға қыруар қаржы бөлініп жа­тыр. Өткен жылдың соңында Үкімет отырысында Денсау­лық министрі Ақмарал Әл­назарова 2024 жылы медици­налық ұйымдарды дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 474 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 26,7 млрд. теңге қаражат жұмсалғанын айт­қан болатын.

Медициналық көмектің қолжетімділігін МӘМС ту­ралы заңға енгізілген өзгерістерден де айқын көруге бола­ды. «Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалы­ның директоры Айнагүл Дәулетшинаның айтуынша, қараша айындағы деректерге сәйкес өңірімізде 91 038 мың адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Алайда сақ­тандыру мәртебесіне қара­мастан медициналық тексеру барлық азаматтар үшін қол­жетімді.

Бізде онкологиялық ау­руларды ерте анықтайтын онкоскринингтер тегін көрсетіледі. Сегіз айда облыста 52 881 адам онкологиялық скринингтен өтті. МӘМС шеңберінде бұл скрининг­терге 313 млн. теңгеден ас­там қаражат жұмсалған. Сүт безі обырына – 16 868 адам, жатыр мойны обырына – 12 436 адам, колоректальды обырға 23 577 адам тек­серілді. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап 325 млн. тең­ге сомасына 58 805 мың адам профилактикалық тек­серуден өтті. Облыста 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін қант диа­бетін, артериялық гиперто­нияны, жүректің ишемия­лық ауруын, глаукоманы, В және С вирустық гепатит­терін ерте анықтауға арнал­ған скринингтер 2 жылда 1 рет тегін жүргізіледі. Бұл – Қазақстанның өз азаматта­рына көрсетіп жатқан қолдауы.

Соған қарамастан қазақ- стандықтар шетелге барып ем іздеуге әуес. Бірінің қаржылық мүмкіндігі болса, екіншілері несие алып емде­леді. Өте ауыр дертке шалдыққандары халықтан жылу жинап жүр. Бұлардың барлы­ғы дәрігердің «Аурудан құлан таза жазыласың» деген бір ауыз жылы сөзіне зәру. Бірақ жалған ақпарат пен өтірік уә­деге алданып қалып жатқан­дар да азаяр емес.

Перизат ӘМІР,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp