«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕТЕЛДІКТЕР ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің №2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары Ербол Ғаббасов шетелдіктердің облыс аумағына келуіне қатысты алты жағдай орын алғанын айтты.

Белгілі болғандай, осыған дейін “1A” санатындағы елде бол­ған Германия тұрғыны пойызбен келе жатқан жерінен кері қайтарылды. Ал коронавирус індетін жұқтыру қаупі жоғары елдерде болған Беларусь елінің азаматы жүк көлігімен облыс арқылы Қазақстанның шекарасынан өткісі келген. Қазіргі уақытта елдің шекарасына кіру және шығуға қойылған шектеулерді тағы бір мәрте ескерткен Ербол Ғаббасов шетелдерде жүрген отандастарымыз Қазақстанға кіре алатынын айтты. Ал сыртқа шетелдік медицина ұйымына емделу үшін бара жатқанын растайтын құжаттар және емдеу мекемесінің шақырту хаты болса ғана шығуға болады.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының мамандары “Шетелдіктерді Қазақстанға шақыру” және “Қазақстан аумағынан шығу” мемлекеттік қызметтерін көрсетуді уақытша тоқтатты.
– Сонымен қатар халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын көліктердің өтуіне рұқсат етіледі. Бірақ ол санитарлық нормаларға сәйкес жүргізілуі тиіс. Қай елдің азаматы екеніне қарамастан, жүргізушінің паспорты тексеріледі. Ал олар “1A” және “1Б” санатындағы елдердің азаматы немесе соңғы 15 тәулік ішінде осы мемлекеттерде болған жағдайда өткізу пунктінде жүргізушіні ауыстыруға болады, – дейді Ербол Ғаббасов.
Баспасөз мәслихатында Мәскеу, Қырғызстан, тағы басқа елдерге баратын халықаралық бағыттарда қатынайтын пойыздардың уақытша тоқтатылғаны да хабарланды.


Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp