Қазақстанда шетелден әкелінген, алайда, арнайы тіркеуден өтпеген көліктердің жүруіне тыйым салу мәселесі қызу талқылануда. Арғысы Армения, бергісі Бішкектен “темір тұлпар” әкеліп тізгіндегендер бұл талапқа өз наразылығын білдіруде. Өткен демалыс күндері Петропавл қаласының бір топ тұрғыны Жуков көшесінің бойына шығып, заң талаптарына қарсылық танытты. Мәселенің мән-жайын анықтап көруге тырыстық.
Қазіргі таңда ел аумағында аталған елдердің 170 мың көлігі жүйткіп жүр. Қазақстанға кіретін барлық көліктер кеден бекетінен ЕАЭО-ның ортақ тәртібі бойынша өтуі тиіс. Бұл құжатта жаңа жылға дейін Армения мен Қырғызстан елдерінен әкелінген көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізу кезінде жеңілдік болған. Бірақ қазақстандықтардың көбі осы мүмкіндікті пайдаланбай, шетелден сатып алған көліктерін тіркеуге қоймай жүрді.
Көлік иелері Армения, Қырғызстан елдерінен сатып алған “темір тұлпарларын” сол елде кедендік рәсімдеуге біршама қаржы жұмсап, барлық іс-әрекеттерін заңға сәйкес жүргізгенін алға тартуда. Егер заңсыз болса, сол кезде шекарадан өткізбеу керек еді деген пікірлер де айтылуда. Тұрғындар көліктерін Қазақстанда тіркеуге қоюға қарсы емес. Бірақ шығарылған жылына, техникалық жағдайына байланысты бюджетке төленетін салық көлемі шарықтап кете ме деп қорқады.
Кей жағдайда көліктерді Қазақстанда қайта тіркеу үшін төлейтін кедендік баж салығы көліктің құнынан әлдеқайда көп. “Мұндай көліктерді қолжетімді бағамен Қазақстанда сатып алуға болса, шетел асып неміз бар?” – дейді жүргізушілер.
Жүруге тыйым салынатын көліктердің қатарында Ресейден әкелінген төрт дөңгелектілердің бар-жоғына қатысты да пікір екі-ұшты. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау басқармасының басшысы Дмитрий Осипов Армения мен Қырғызстаннан сатып алынған көліктер мен Ресейден әкелінген “темір тұлпарларға” қатысты талаптарды түсіндірді. 2014 жылдың басынан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Қырғызстаннан, 2014 жылғы 10 қазан мен 2020 жылдың 1 қаңтары аралығында Армениядан сатып алынған көліктерді кедендік рәсімдеу төмендетілген тарифтермен жүргізіліпті. Яғни, Қазақстанда шетелдік көлік тізгіндеп жүргендердің біразы осы мүмкіндікті пайдаланған. Тағы бір айта кететін жайт, бұл тек қана көліктерге ғана емес, кез келген тауарға қатысты қолданылады. Ал Ресейге бұл көліктер бірыңғай кедендік тарифтерге сәйкес әкелінген. Сондықтан көршілес елден сатып алған көліктерді кедендік рәсімдеуге қатысты түсініспеушіліктер туындамауға тиіс.
– Бұл – Еуразиялық экономикалық одаққа кірген елдерге қойылатын ортақ талап. Келісімнің 42- бабында кедендік рәсімдеу әлдеқайда төмен тарифпен жүргізілген көліктер тек сатып алынған елдің аумағында ғана жүре алатыны және оны басқа елдерге шығаруға тыйым салынатыны көрсетілген, – дейді Дмитрий Осипов. Бұған тұрғындар Еуразиялық экономикалық одақтың шартына шетелден алынған көліктердің Қазақстанда емін-еркін жүруіне мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу керек деген тілектерін білдірді.
“Бұл заңға сай болмаса, неге біздің бұл көліктермен елге кіруімізге рұқсат еттіңіздер? Кеден қызметі сол кезде қайда қарады? Үш жылдан бері неге ешқандай шара қолданылмады?” – деген тұрғындардың сұрағына ол:
– 2011 жылғы шілде айынан бастап еліміздің шекарасындағы кедендік бақылау алынып тасталды. Белгілі бір мәселе туындаған жағдайда азаматтар кеден қызметіне жүгінсе болатын еді. Осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті аталған мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын қолға алған болатын. Былтыр бес баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, көлік иелеріне мәселенің мән-жайы түсіндіріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, – деп жауап берді.
Осыған дейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев аталмыш көліктердің иелеріне елге кіріп, емін-еркін жүруге уақытша рұқсат етілгенін, бірақ кейін тиісті шара қолданылатынын айтқан болатын. Талап – көлікті толығымен кедендік ресімдерден өткізу не болмаса Қазақстаннан тыс жерге шығару.
Көлігі үшін алаңдаушылық танытып отырғандардың бірі – осыдан үш ай бұрын Армениядан машина сатып алған Павел Широченко. “Темір тұлпар” сатып алып, елге әкелуге 3 млн. теңге жұмсаған ол 2006 жылы шығарылған көлігін Қазақстанда тіркеуге қоя алмайтын болып шықты. Ресейден 1 млн. теңгеге сатып алынған тағы бір көліктің рөлі оң жақта орналасқандықтан, оны да елімізде тіркеуге қою мүмкін емес. Амалын тауып, тіркеуге қойған күннің өзінде, ол үшін көліктің құнынан артық ақша керек екенін айтқан ол бұл мәселені қалай шешерін білмей дал екен.
Солтүстікқазақстандықтар тіркелмеген көліктерді тәртіп сақшылары айыппұл тұрағына тоғыта ма деп алаңдауда. Бірақ облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов мұндай жағдай орын алмайтынын айтты. Жолда жүру ережесін бұзбай, заңға сәйкес әрекет етсе, “темір тұлпарларына” ешкім тиіспейді. Дегенмен, бұл талапты орындамайтындар баршылық. Шетелдік көліктерге тыйым салудың басты себептерінің бірі де – олардың жолда жүру ережелерін сақтамай, соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы. Осыған дейін шетелдік нөмір таққан көліктерді тіркеп, айыппұл салу мүмкін болмады. Тек өткен жылдың аяғында өңірлік тәртіп сақшылары “Resolution Generator” бағдарламалық кешенін орнатып, нәтижесінде шетелдік нөмірлерді тексеру сақтандыру полисі бойынша автоматты түрде жүргізіле бастады. Айыппұл туралы хабарлама сақтандырушының атына жолданады.
– Мүмкіндігі бар азаматтарға құжаттарын қалпына келтіріп, көліктерін Қазақстанда тіркеуге қоюға кеңес береміз. Армения, Қырғызстан елдерінің көліктерін тіркеу үшін кедендік ресімдерден өтіп, утилизациялау төлемін өтеулері керек. Оның құны қозғалтқыштың көлеміне, көліктің шығарылған жылына байланысты. Рөлі оң жақта орналасқан көліктер тіркелмейді. Сенімхаты, сақтандыру полисі бар ресейлік көліктердің жүруіне рұқсат етілген, бірақ бір жылдың ішінде отыз күн автокөлік Ресей Федерациясының аумағында болуы тиіс, – деді облыстық полиция департаменті процессингтік орталығы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Жамалиев.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.