«Аға сеньорлар» жобасы аясында өңірімізге келген шетелдік кәсіпкер Хусейн Рахал жергілікті қонақ үй-мейрамхана кешені басшыларын қонақжайлықтың негіздеріне үйретуде.
Өңірге шақыртылған білікті шетелдік мамандар жергілікті кәсіпкерлерге кәсіпорынды басқарудың жаңа әдістерін, заманауи өндіріс технологиясын, жабдықтарды қолданысқа енгізуді, ұжым мүшелерінің білімін жетілдіру жолдарын үйретуде. Өткен жылы 7 кәсіпкер бұл курс бойынша оқуға ниет танытты. Бұл жолы Канададан шақырылған кәсіпкер жергілікті әріптестерімен кедесіп, тәжірибесімен бөлісті. Хусейн Рахал ұзақ жылдар бойы жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Қазіргі уақытта оның Солтүстік Америка мен Канада елдеріндегі мейрамхана бизнесі сәтті жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Доминикан Республикасында жеке қонақ үйі бар. Шетелдік маман жұмыс сапарының бірінші күні “Restavration” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айтықан Қалғаева мен оның қызметкерлеріне қонақ үй-мейрамхана кешенін жүргізу бойынша кеңестерін берді. «Мен сапар барысында жергілікті жерде кадр даярлау ісінде кемшін тұстардың бар екенін байқадым. Өкінішке қарай, теория мен тәжірибе үйлесім таппай отыр. Менің пікірімше, алдымен тұтынушылардың көңілінен шығатын сервистік қызмет түрлерін қалыптастыру қажет. Себебі, қажетті сервистер болмаған жағдайда тұтынушылар екінші рет келмеуі мүмкін. Адамдар жарқын эмоциялар мен есте қалатын сапалы қызметті күтеді, – дейді Хусейн Рахал.