Ақпан айының 11-і күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырып, “Қазақстанда жасалған” жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынған еді. Акция барысында сауда желілерінде сатылатын қазақстандық өнімдер көзге бірден түсердей ерекше көрсетіліп қойылады. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы. “Барлық қазақстандықтарды бүгінгідей қиын жағдайда біздің қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік”, – деген болатын Елбасы.
Президент Үндеуінен кейін “Қазақстанда жасалған” акциясы бастау алды. Бүгінде біздің ауданымызда да осы акция қолдау тапты. Соған орай отандық тауар өндіруші Сергей Клименко жайында сөз қозғамақпын. Сергей Петрович пен Владимир Товкач өз істерін 1994 жылы ет сатудан бастаған. 2000 жылы жер сатып алып, автогараж, мал сою цехын, кеңсе ашқан кәсіпкерлер 2008 жылы шұжық өндірісін бастауға бел буды. Сергей Петровичтің айтуы бойынша, ол кезде күніне 300 килограмм ет өнімдері өндірілетін. Бастаған ісін одан әрі дамыту үшін Ресейден шұжық өндіретін бірқатар жабдықтар әкелді, ал сүрлеу жабдықтарын қолдан жасағанды. Ол кезде кәсіпорында небәрі 6 адам еңбек етті.
2014 жылы көктемде шұжық өндіретін жаңа ғимарат бой көтерді. Ондағы жабдықтардың толық жаңарғанын атап айту керек. Жаңа орынға Польша мен Ресейде жасалған қуатты сүрлеу жабдықтары орнатылды, сөйтіп кәсіпорын соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Шұжық жасайтын цех мұздатқыш камералармен керек мөлшерде қамтамасыз етілген. Сапалы дүниеге әрқашанда сұраныс жоғары. “Клименко” ЖК шығаратын шұжық өнімдері бәсекеге қабілетті. Кәсіпорынға қажетті шикізатты, яғни етті өздері дайындайды. “Халал әрі дәмі тіл үйірер шұжыққа деген сұраныс қазірдің өзінде жоғары”, – дейді кәсіпорын қызметкерлері.
Қазіргі уақытта күніне 1000 килограмм түрлі ет өнімдері өндіріліп, дәмді шұжықтар дайындалуда. Өнім дәмді әрі сапалы болу үшін қоспалардың сапасын зертхана қызметкерлері күнделікті тексеріп отырады. Істің көзін тапқан кәсіпкер сұранысқа қарай өнім көлемін де ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2008 жылы аталмыш кәсіпорын шұжықтың 6 түрін дайындаса, қазір 50-ден астам түрі облысымыздың, ауданымыздың және Қостанай, Ақмола облыстарының дүкен сөрелерінде өз орнын тапты.
Кәсіпорында шұжық өнімдерін тасымалдауға арналған көліктің барлық түрлері бар. Қазіргі таңда 30-дан астам адам жұмыс істеуде.
Ауданымызда “Клименко” жеке кәсіпкерлігінің 3 дүкені және де балық сататын бөлімі халыққа қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ, аталмыш кәсіпорын тұшпара, самса, бүйрек, хинкали сияқты жартылай өнімдер дайындап, сатылымға шығарады.
Кәсіпорын басшысы Сергей Клименко алдағы уақытта кондитерлік бөлім ашып, түрлі жарма шығаруды қолға алмақ.
Халыққа қызмет көрсетіп жүрген “Клименко” ЖК бірнеше рет аудан әкімінен Алғыс хат алды. “Өңдеу өнеркәсібі саласындағы үздік кәсіпкер” атауында 2014 жылдың үздік кәсіпкері атанды.
“Қазақстанда жасалған” акциясы қазақстандық өнімді ерекшелеп, сатып алушылар үшін тартымдылығын арттырады. Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы біз тек ел экономикасына ғана көмектесіп қоймаймыз, сондай-ақ, отандық кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдарға қолдау көрсетеміз. Олар тұтынушылар арқылы жұмысын жалғастырады, отбасын асырап, ұрпақ өрбітеді.
Ауданымыздың кәсіпорындары биік шыңдардан көрініп, Қазақстанда жасалған өнімдердің санын көбейте берсе екен деймін.
Гүлбаршын САТЫБАЛДИНА.