Бүгінде қоғам алдында ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ана тілін жетік меңгерген ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Тіл мәдениетін игеру – әр баланың сәби шағынан басталып, әрі қарай біртіндеп жетіліп отыратын үдеріс. Былдырлаған балапан тіл игеру арқылы айналасындағы жұмбақ дүниенің құпиясын таниды, басқалармен қарым-қатынасқа түседі. Балғындардың танымдық қабілеті дамиды.
Жас ұрпаққа саналы білім және жан-жақты тәрбие беруде мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері баламен бала тілінде сөйлеседі. Бүлдіршіннің дүниетанымын, қиялының ұшқырлығын, сөздік қорын, көптілділігін арттыруда ауыз әдебиетін пайдаланудың маңызы зор. Жаңа сөйлей бастаған балалардың әр сөзді дұрыс айтуына баса мән беріледі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында әр педагог балалардың тапсырмаларды дұрыс орындауларын бақылап, бағыт-бағдар беріп отырады. Балдырғандардың көркем әдебиет құнарынан нәр алуына жағдай жасау үшін тәрбиешілер әр балаға жеке көңіл бөліп, өз әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдайды.
Педагогтер тіл дамыту жұмыстарында сәбилерді (2-4 жас) өздеріне және бір-біріне қойылған сұрақты түсінуге, оған дұрыс, толық жауап беруге үйретеді. Осы дағдыларды меңгерте отырып, тәрбиеші баланы айналасындағы адамдармен амандасу, әдепті сөйлесу, алғыс айту, жылы шырайлылық білдіру сияқты мінез-құлықтарға дағдыландырады. Естиярлар мен ересектер (4-6 жас) шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелеуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылауға, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құрауға, бейнелі сөздерді дәл тауып қолдануға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге үйренеді. Балаларға ертегіні әңгімелеп бергеннен кейін оның мазмұны бойынша қуыршақ арқылы сахналауға дағдыландырады. Балалардың осындай рөлдік қойылымдар барысында сөздерді (үш тілде) есте сақтаулары тез жүзеге асады. Бұл олардың сөздік қорларын молайтуға оң ықпал етеді.
Ұжымда жоспарлы түрде өткізілетін мерекелік іс-шараларда халық шығармашылығының туындылары, мақал-мәтелдер, ертегілер, жаңылтпаштар айтудан сайыстар ұйымдастырылып, аңыздар мен әңгімелер, ойындар кеңінен қолданылады. Осы шаралар барысында бүлдіршіндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тақпақ, өлеңдер айтып, ертегілерді сахналайды. Жүйелі жұмысымыздың нәтижесінде облыстық “Бала тілі – бал” байқауында “Салтанат жұлдыздары” атты тобымыз 1-орынға ие болды. Байқау талаптарын топ мүшелері үш тілде мүдірмей орындады. Әсіресе, “Алтын дән” ертегісі бойынша қойылған сахналық көрініс мазмұнды әрі шебер орындалды. Қойылым арқылы балғындар дастарқанымыздың басты байлығына айналған нанның қаншама еңбекпен келетінін түсінді. Кең-байтақ даламызға жыл сайын диқандарымыз сепкен дәннен жайқалып егін өсетінін, ол халықтың игілігіне айналып, көптеген ұн өнімдерін дайындауға мүмкіндік беретінін көрермендерге шынайы жеткізе алдық.
Балалардың сөздік қорын молайтуда ауыз әдебиеті шығармаларын барынша тиімді қолданып жүрміз. Бұл істе балабақша ұжымына ата-аналардың көмегі де зор.
Меруерт КИРИБАЕВА,
“Салтанат” бөбекжай балабақшасының
әдіскері.
СУРЕТТЕ: сахналық қойылымнан көрініс.
Петропавл қаласы.
