«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕШЕНСТАННАН КЕЛГЕН ХАТ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кіндік қаны тамған жерлерінен еріксіз жер аударылған халықтардың дені Қазақ елінен пана тапты. Оларды ешкім өгейсітіп, өзекке тепкен жоқ. Керісінше, бауырға санап, бір үзім нандарымен бөлісіп, тұрмыс тауқыметін еңсерулеріне қол ұшын берді. Осылайша жер аударылған өзге ұлт өкілдері Қазақстанға сіңісіп, тамыр жайды.

Бүгінде тәуелсіз елімізді өздерінің екінші Отандары деп есептейтін өзге этнос өкілдері – сол тұстағы солақай саясаттың кесірінен тарихи Отандарынан қол үзгендердің ұрпақтары. Ата-бабаларының жүріп өткен жолы оларға көненің әңгімесі болып көрінуі мүмкін. Алайда, сол бір зобалаң шақ көнекөздердің күні бүгінге дейін көз алдында. Оны облыс орталығының тұрғыны Мағзұм Исағұловтың Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Кадыровке жолдаған хатынан айқын аңғарамыз.

– Мен Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі Приишим ауданына қарасты Мереке ауылында тұрдым. 1944 жылдың қысында ауылымыздан 60 шақырым жерде орналасқан Мамлют теміржол станциясына жер аударылған шиеттей балалары бар 12 шешен-ингуш отбасылары жеткізіліп, олар үш жертөлеге орналастырылды. Азық-түліктен небәрі 20-30 килограмдай ғана жүгері ұны бар еді. Аштық пен суықтан біразы қырылып қалды. Ал тірі қалғандарына өзім бала болсам да үйден нан ұрлап апарып беретінмін. Фатима, Багга, Лейла есімді әйелдердің аттары күні бүгінге дейін жадымда. Солардың үйлерінде болып, балаларымен бірге ойнайтынмын. Бастауыш сыныптарды ауыл мектебінде оқыдым, қалған сыныптарды Петропавлда Аюп деген ингуш азаматының үйінде тұрып тамамдадым. Аюп аға мен Бәтима тәтем маған туғанымдай болып кетті. Сол жандарды бір көрсем деп армандаймын. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Этностар арасындағы достықты нығайтуға Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев баса назар аударса, өңіріміздегі ауызбіршілікті сақтауда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен де аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Тіл мен түрге, дін мен тілге бөлінбей, бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті күн кешудеміз. Көршім ингуш Гарун Ганиев деген азамат туған інімдей болып кетті. Мұның бәрі достық пен сыйластықтың кепілі десем, артық айтқандық болмас.

Құрметті Рамзан Кадыров мырза, сөз соңында сізден барша қазақ халқының атынан Шешенстанда ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнап ескерткіш тұрғызсаңыз деген тілегім бар. Бұл қазақ пен шешен-ингуш халықтарының арасындағы мызғымас достықтың белгісі болар еді, – деп жазыпты өз хатында Мағзұм Исағұлов.

Араға шамалы уақыт салып, қарияның бұл хатына Шешенстан Республикасының мәдениет министрі жауап қайырды.

– Құрметті Мағзұм Кәкімжанұлы, Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Кадыровке жолдаған хатыңызды алдық. Шешен халқына деген ыстық лебізіңіз үшін алғымысызды білдіреміз. Біздің ұлтымыз бен қазақтарды сол бір қиын кезең бауырластыра түсті. Қазақ елінің жақсылығын ешқашан ұмытпақ емеспіз. Бүгінде Шешенстан Республикасы да Қазақстан сияқты дамудың даңғыл жолында. Жыл санап жаңа өндіріс ошақтары құрылып, жаңа нысандар салынуда. Алыстан көз тартатын сондай нысандардың бірі – Грозныйдың қақ ортасындағы көпқабатты тұрғын үй. Ол – Қазақстанның біздің республикамызға жасаған сыйы. Оны ел халқы Назарбаев үйі деп атайды. Екі ел арасындағы достықты әспеттеуде бұдан артық ескерткіш болмасы анық. Жылы лебіздеріңіз үшін сізге тағы бір мәрте алғысымызды білдіреміз, – депті жауап хатты жазған Шешенстанның мәдениет министрі Б. Даев.

Хатқа жауап қайыру – қарияға, жалпы Қазақстанға деген құрмет.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp