«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШИПАЛЫ СУСЫН

Облыс орталығында ұзақ жылдардан бері тұрып жатқандықтан, көптеген азаматтардың аты-жөнін білмесем де, түрі таныс. Жолымыз жиі түйісетін осындай бір замандасымның бертін қабағы түсіп, өңі қуарып жүргенін аңғардым. “Денсаулығы сыр беріп жүр-ау”, – деп іштей болжам жасап та қойдым. Соңғы көргенімде бұрынғыдай емес, жүрісі ширақ, көңілкүйі де жақсы көрінді. “Түсі игіден түңілме” деген. Есімі белгісіз танысымды бірінші болып өзім сөзге тарттым.

“Көзіме ота жасату үшін қанның анализін тапсырдым. Сараптамадан С гепатиті ауруымен сырқат екенім белгілі болды”, – деп бастады ол әңгімесін. Дәрігерлер бұл аурудан 50 жасқа дейін ғана емделуге болатынын айтып, әлгі танысымды, тіпті, қобалжытыпты. Осылайша абыржып жүргенде түйе сүтінің мың бір ауруға, оның ішінде гепатиттің созылмалы түрлерінен айығуға көмегі зор екенін естіпті. Шұбат шығаратын кәсіпорынды тауып, хабарласқаннан кейін қария Петропавл қаласындағы бірнеше сауда орталықтары олардың өнімін сатып жатқанын естиді. Жиырма күннен артық шұбатты үзбей ішкен әлгі танысымның қайтадан қан анализін тапсырғанда сырқатынан айыққаны белгілі болып, қуанышы еселене түсіпті.  

Шынымен де, шұбат ерте заманнан өкпе, асқазан ауруларымен қатар, түрлі созылмалы дерттерге емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланылып келеді. Бір литр шұбат адам ағзасын тәулік бойы қажетті дәрумендермен және басқа да микроэлементтермен байыта алатыны ғалымдар тарапынан да дәлелденіпті.

Шұбатта адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар көп екен. Отандық және Батыс ғалымдары күнделікті астан жарты сағат бұрын шұбатпен коректену ісік, тыныс алу, ас қорыту жолдары және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеп жазуға көмектесетінін дәлелдеген. Түйе сүтінде А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтерінің мол екенін кейін учаскелік терапевтен да естідім.

Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp