Әрбір халықтың санасында ең қастерлі ұғым болса, ол Тәуелсіздік деуге болады. Үстіміздегі жылы егемендік алғанымызға 25 жыл толады. Қызылжар ауданында тәуелсіздік жылдарында қандай оң өзгерістер орын алғаны жайында сауалнама жүргізген едік.
Мағжан РАХИМОВ,
зейнеткер:
– 1990 жылдары зейнеткерлік демалысқа шыққаннан бастап ауданішілік қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Әсіресе, ардагерлер кеңесінің, “Қазақ тілі” қоғамының құрамында жүріп, ұлттық мүддемізді қорғап, бірқатар жұмыстарды атқардық. Сол жылдары Бескөл мектеп-гимназиясында меңгеруші болып еңбек еткен Жақсыгелді Ғалиев деген азаматтың бастамасымен қазақ сыныптарына бала жинадық. Аудан орталығында тұратын аз ғана қазақтың есігін қағып, балаларын қазақ сыныбына беруді өтінгенімізде: “Қазақ тілі кімге керек?” дегенді естідік. Бір кездері қазақ сыныбы әзер ашылған Қызылжар ауданында қазір екі бірдей жаңа таза қазақтілді мектеп жұмыс істеп тұр. Одан басқа қаншама аралас мектептер бар. Қазақ елі тәуелсіздігін алған ширек ғасырдың ішінде біздің ауданда болған ең басты өзгеріс осы деп ойлаймын.
Нина МАСЛОВА,
Бескөл мектеп-гимназиясының директоры:
– Қазақстан тәуелсіз ел атанған 25 жылдың ішінде білім саласы түбегейлі өзгерді. Рас, алғашқы жылдары халық абдырап қалды. Бұл білім саласына да әсер етті. Қаншама мұғалімдер басқа салаға ауысып, мұғалімдік қызметке жан-тәнімен берілгендер ғана қалды. Осының арқасында біздің ұжымда мықты кадрлар қалыптасты. Мектебіміздің іргесі қаланғанына 50 жылға жуықтап қалды. Оқушылардың заман талабына сай білім алуы үшін қажетті құралмен жабдықталған, арнайы сыныптармен жарақтандырылған.
Еліміз осылайша жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап, болашаққа инвестиция құйып келеді. Бұл қала түгіл, аудан, ауылдағы мектептердің жағдайына оң әсер етуде. Бір сөзбен айтқанда, мен қазіргі білім саласының бел ортасында жүргеніме бақыттымын деп санаймын.
Жанат ЕЛЕУСІЗОВ,
балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Тәуелсіздігіміздің таңы атқан жиырма бес жылдың ішінде біздің елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында қыруар жұмыс атқарылды. Елбасы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын. Былтыр ауданымызда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Қазіргі таңда бұл кешенде волейбол, күрес, баскетбол, үстел теннисі, каратэ, таэквандо сияқты спорт түрлері бойынша тәлім алып жүрген 600-ден астам бала кешке дейін жаттығады. Олардан кейін Бескөл ауылының тұрғындары келіп, спортпен тегін шұғылдана алады. Бүгінде жастардың да, аға буынның да спортқа деген көзқарасы өзгерген. Кешенде жастарға үлгі болатындай қарттарымыздан құрылған сауықтыру тобы бар. Ал аудандағы екінші дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де осындай жағдай жасалып отыр.
Спорт алаңдары ауылдарда да ашылуда. Бүгінде Қызылжар ауданы тұрғындары саламатты өмір салтын ұстануға бет бұрып, бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесі 27 пайызға жетті.
Сауалнаманы жүргізген Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.