«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОЛПАНДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН

Адам баласы үшін саналы ғұмырының қай кезеңі болмасын елеулі. Десек те жеті асу белестің орны бөлек. Неге десеңіз, 70 жас – ақыл-ойдың, сана-сезімнің әбден толығып, кемеліне келетін, өткен өмірін ой елегінен өткізіп, таразылайтын, ел алдында есеп беретін кезі.

Осы тұрғыдан сөз сабақтайтын болсақ, өзіміз сүйіп оқитын, тұрақты оқырманы саналатын аудандық «Есіл өңірі» газеті арқылы киелі өңірімізге лайықты еңбегін сіңіріп, көпшіліктің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жергілікті журналистер алдымен еске оралады. Солардың бірі, бірегейі – жиырма жылға жуық аудан шамшырағының бас редакторы қызметін абыроймен ат­қарған Шолпан Салықова. Қалам ұстаған ат төбеліндей тілшілер қауымы ішінен темірқазық жұлдызындай жар­қырай көрініп, көптің көкейінде жүрген ойды тап басып айта білуімен ерекшеленген, мамандығына деген адалды­ғына кір жуытпай, кіршіксіз сақтай білген қарындасы­мыздың қоғамдағы орны адамға жасаған жақсылығымен, еліне сіңірген еңбегімен бағалануы айрықша қуантады. Аудан активінің үлкен жиынында мерейтой иесінің атына жылы лебіздер арналып, облыс әкімінің Құрмет грамота­сының салтанатты жағдайда табысталуы – осы сөзіміздің нақты айғағы.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары «Голос целинника» газетінің табалдырығын аттап, қазақ тілін үйрету курсын ашты, мемлекеттік тіліміздің өз мәртебесін алуына өзіндік үлесін қосты. Кейін жазуға деген қарым-қабілеті бағала­нып, тілшілік қызметке қабылданды. 2005 жылы «Есіл өңірі» газеті ашылып, бас редакторы болып тағайындал­ды. Осылайша әріптестерімен бірге ортақ іске жұмыла жүріп, басылымның қалыптасуына, өз орнын табуына айшықты қолтаңбасын қалдыра білді. Саналы ғұмырын мазасыз тірлігі бастан асатын журналистика саласына ба­ғыттап, ауылдық жерлердегі оқырмандармен тұрақты қа­рым-қатынас орнатты. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық өміріне қатысты мәселелер газет бетінде жиі көтеріліп, шешімін табуына қал-қадірінше қолдау көрсетілді. Шол­пан қарындасымыздың әр мақаласынан қаламгерге тән парасаттылығы, салиқалығы, ізденгіштігі, еңбекқорлығы тектіліктің кәусар бұлағындай айқын байқалып тұрады. Қажырлы да нәтижелі еңбегінің арқасында аудан жұрт­шылығының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсі­би журналист ретінде қалыптасып, күрделі тақырыптар­ды қарапайым тілмен кестелей білу, әсерлі жеткізу – оған тән қасиеттердің бірі. Жеткен жетістіктерін санамалай­тын болсақ, айшықты асуларының бірі – республикалық байқауда жеңімпаз, бұдан бөлек, ауданның құрметті аза­маты атануы дер едім.

Жүзінен де, көзінен де мейірім шуағы төгіліп тұратын асыл жанның адами қасиеттерін түгендеу шарт емес, алайда өмірге деген құштарлығы, бойынан асып төгілген рухани күш-қайраты қайран қалдырады. Кіші ұлы үш жасқа толғанда балалары асқар тау әкеден, өзі сүйікті жа­рынан, арқасүйерінен айрылып, 38 жасында 4 ұл-қызы­мен қайғы жұтып қалған болатын. Содан бері қаншама қиындықпен бетпе-бет келсе де, тағдырдың талай қыспа­ғына төтеп беріп, жеңе білді. Отбасын жүрек жылуына бөлеп, өмірден өз орындарын табуына, шетелде оқулары­на да жан-жақты қолдау білдіріп отырды.

Бүгінде ол екі немере мен бес жиеннің бал тілін қы­зықтап отырған бақытты әже, редакцияның, ауданның мақтанышы. Әлі қатардан қалған жоқ, тілшілік қызметін сәтті жалғастырып келеді.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp