«Қазақ салт-дәстүрлерін дамытудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымын құрудағы біздің мақсатымыз, қазақ тілін дамыту, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жас ұрпақ бойына дарыту, ұлттық сананы оятып,өңірдегі қазақ қауымдастығын топтастыру болатын. Өңірдегі қазақ қауымдастығының туған тілі мен ұлттық құндылықтарын жандандыру мақсатында құрылған қоғамдық ұйымдар қатарында біз жалғыз емес екенімізді де жақсы сезінеміз. Олардың ішінде көп жылдардан бері осы өңірде қазақ тілі мен мәдениетін жандандыруда үлкен жұмыстар атқарып келе жатқан «Мөлдір» атты Сібірдегі қазақ мәдени орталығының игі бастамаларын ерекше атап өткен орынды. Сонымен бірге Омбы қаласында бүгінде қазақ тілі мен мәдениетін дамыту мақсатында құрылған Қазақ ұлттық мәдени автономиясы, Омбы қазақтарының «Единство» атты қоғамдық ұйымы, Қазақ ұлттық мәдени орталығы және «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Омбы қаласында тіркелген бұл қоғамдық ұйымдардың барлығының да алға қойған мақсаты біреу, ол – Ресейде тұратын қазақ қауымдастығының туған тілі, ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін дамыту.
Бүгінгі таңда Ресей Федерациясындағы қазақтар өзінің туған тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерінен алшақтай бастады. Бұл жәйттің Омбы қазақтарына да тікелей қатысы бар. Көптеген жерлестеріміз туған тілі мен ұлттық дәстүрлерінен мүлде қол үзіп барады. Тіпті, жас буын өкілдері өздерінің ұлттық болмысынан айрыла бастағаны да жасырын емес. Омбы өңірінің қазақтары үшін бүгінде этно-мәдени қауіп төніп тұр. Жерлестеріміз ана тілінде сөйлемейді, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін білмейді. Міне, сондықтан Омбы өңірінде құрылып, жұмыс істей бастаған ұлттық мәдени қоғамдық ұйымдар осы бір қауіптің алдын алу мақсатында күш біріктіре жұмыс істеуі қажет.
Өкінішке қарай, Омбыда жұмыс істейтін қазақ ұлттық мәдени қоғамдарының бірде-біреуі өңірдегі бүкіл қазақ қауымдастығының басын біріктіріп, ауқымды да жүйелі бағдарлама жүргізіп отырған жоқ. Олардың барлығы дерлік өз бетінше жұмыс жасап, жеке-жеке іс тындырғандарын көңілдеріне медет тұтады. Біздің басты проблемамыз – барлық Омбы қазақтарының басын қосып, ұлттық мүддемізді жаңғыртуда бір орталықтан басқарылатын қоғамдық ұйымның болмай отырғандығы. Жұмыс істеп тұрған қоғамдардың барлығы өз мүшелерінің, қалалық әкімшілік пен үкіметтің қолдауына сүйеніп, жеке-жеке жұмыс жүргізуге тырысады. Қоғамдық күшті жұмылдырып, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығару» қажеттігі барлық мінберлерден айтылады. Бірақ іс жүзінде әрбір қоғам басшысы өзінің дербестігінен айрылғысы келмейді. Бұл мәселеде біз ортақ бір мәмілеге келуіміз керек деп ойлаймыз.
Ермак ЖҰМАБАЕВ,
Ресей Федерациясындағы «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы
«Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы.
Ресей Федерациясы,
Омбы қаласы.
(«Егемен Қазақстан», 2015 жылғы 28 қаңтар).