«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОҚТЫҒЫ БИІК

Өткен ғасырдың басында “Кедей сөзі” деген атпен жарық көрген, уақыт белестеріне сай “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаумен қызметі Тәуелсіздік дәуіріне жалғасқан “Soltústik Qazaqstan” газетінің жүріп өткен жолына қарасаңыз, осы сөздердің айғағын табасыз. Бір ғасырлық тарихы бар басылым көп емес. Бұл – шоқтығы биік басылым.

Бұл газеттің шығуына мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов атсалысқан. Қазақтың бал таңдайлы ақыны Мағжан Жұмабаев та 1921 жылдың бас кезінде “Бостандық туы” газетінің редакторы болып қызмет атқарған.
Кезінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов тәрізді сөз серкелері облыстық газет редакциясымен тығыз байланыста болғаны анық. Соқтықпалы, соқпақты талай жолдан өтіп, Тәуелсіздік заманына аман жеткен шежірелі басылымды өзіміздің қадірлі әріптесіміз Жарасбай Сүлейменов басқарып келеді.
Еліміздің солтүстік қақпасы саналатын, іргедегі қалың елдің алдында тұрған қалқан сияқты көрінетін өңірде жылт еткен жақсы жаңалық болса, бөркімізді аспанға атып қуанамыз.
“Soltústik Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық мерейтойы – қазақ журналистикасының тойы. Осы басылымда абыройлы қызмет атқарған газет ардагерлерінің тойы. Аталар ісін адал жалғастырып келе жатқан жас ізбасарлар тойы.
“Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді”, – деген екен Ғабит Мүсірепов. Солтүстік өңірде қазақ тілінің кең өркен жаюына облыстық газет редакциясының ұжымы кірпік қақпай қызмет етіп отыр. Сіздерге сол үшін мың алғыс!
Еңбектеріңіз жана берсін! Алты Алаштың баласына ел ортақ, іс ортақ, мақсат ортақ, мүдде ортақ, тіл ортақ! Осы асыл ортақтарымыз ойдағыдай орындалсын!
Редакция ұжымын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мың жасаңыздар! Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын!


Нұртөре ЖҮСІП,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp