“Дұрыс қанаттанған түзу ұшады” демекші, адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Сол кезден баланы дұрыс бағыттап, оған көмек көрсету – ата-ана мен ұстаздың міндеті. Мектебіміздің мақтанышына айналған 10-сынып оқушысы Айдын Нәжкеновтің өнерге, білімге деген ерекше талпынысы сәби күнінен басталды. Сабақтағы алғырлығы, әнге құмарлығы, өлең-жырды нақышына келтіріп, оқу қабілеті оның талапты да талантты жасқа айналуына себепкер болды. Мектепішілік іс-шараларда өзін көрсете білген балғын кейін аудан көлемінде ұйымдастырылатын мерекелерге де қатыса бастады. Шәкіртінің өлең оқуға деген шеберлігін байқаған қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сая Қажкенова оны 5-сыныптан бастап түрлі сайыстарға даярлады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың арқасында Айдын Семей қаласында өткен XV республикалық Абай оқуына қатысып, өзіндей өнерлі жастармен бірге додаға түсті. Алматы қаласында ұйымдастырылған I республикалық Бауыржан оқуында “Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы” тапқырлық таныту аталымы бойынша III дәрежелі дипломға ие болды. Алматы қаласында өткен Жазушылар одағының “Ғұмырдария” әдеби бірлестігі ұйымдастырған I республикалық “Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй…” атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы Абай оқуларының ән-жыр байқауына қатысып, II дәрежелі дипломмен марапатталды. Шәкірттерге білім мен тәрбие беру ісінде өскелең ұрпақтың бойында азаматтық ұстаным қалыптастырғаны үшін ұстазы Сая Қажкенова арнайы Алғыс хатқа ие болды.
“Өнер – ағып жатқан бұлақ, ілім – жанып тұрған шырақ” дегендей, Айдын – өнер мен білімді қатар алып жүрген өрен. Ол оқу озаты, халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпазы, саламатты өмір салтын қолдайтын спортшы. Айдын сыныптастары – Аида, Әлібек, Ғалия, Алмаспен бірге математикадан халықаралық “Инфоурок” қашықтық олимпиадасына қатысып, I дәрежелі дипломды жеңіп алды. Өзім сынып жетекшісі әрі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі ретінде Айдынның Абай атасының мұраларымен қатар, Пушкин мен Лермонтов, Фет пен Тютчев өлеңдеріне қызығушылық танытатынын мақтанышпен айтамын.
Зүбайраш СЕЙТҚАСЫМ,
Саумалкөл қазақ орта мектебінің
орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.