«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШУАҒЫ МОЛ МЕЙРАМ

Айлардың төресi, күллi мұсылман баласы үшiн қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын сәт биыл жұма күніне дөп келді. Рамазан құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мейрамның бірі.

Бұл – оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін бейне-бір шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін аш құрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы “мумин” (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осыған орай Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін “Ораза қабыл болсын!”, “Айт құтты болсын!” деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады.

Биыл Рамазан айы жылдың ең ұзақ күндерінде өтті. Жиырма тоғыз күн ораза ұстаған жамағат мұсылмандықтың бір парызын өтеп шықты. Жылдағы дәстүр бойынша оразаның алғашқы күні “Қызылжар” облыстық орталық мешіті қауымға ауызашар берді. Оны ел басқарып жүрген азаматтар, қалталы жандар, мұсылман диаспоралары жалғастырып әкетті. Мешіттің қос асханасымен бірге аулаға тігілген екі киіз үйде ауызашар дастарқаны күн сайын жайылып, сауапты істер атқарылды. Сонымен қатар, мұқтаж адамдарға, жетім-жесірлерге, қарттарға арналып көптеген қайырымдылық шаралары өткізілді. Ораза айында тек “Қызылжар” облыстық орталық мешітінде берілген ауызашарларға он мыңнан астам адам қатысыпты.

Үстіміздегі жылы да хатым оқу үшін Түркиядан Кемал Гул қари шақырылды. Биыл оған халықаралық, республикалық Құран оқу жарыстарына қатысқан он бес жасар жерлесіміз Мырзаомар Хусенұлы қосылды. Отыз пара Құранды олар кезек оқи отырып, Қадір түніне тұспа-тұс келетін тарауық намазында аяқтады. Қарилердің Құран оқу шеберлігіне бас мешітімізде құлшылық еткен қауым дән разы болды.

Кеше таңертең “Қызылжар” облыстық орталық мешітіне мұсылман қауым көп жиналды. Намазхандар мешіттің екі қабатында да басын сәждеге тигізді. Ораза айт намазына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мешітке жиналған қауымды өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан мерекемен құттықтап, ізгі тілек айтты. Айт намазын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы өткізіп, құтпамен тамамдады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp