«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШУАҚТЫ КЕЗДЕСУ

Петропавл қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына облысымыздағы барлық ұйымдар қызу дайындық жүргізуде. Бірқатар мекемеде форум аясындағы іс-шаралар басталып кетті. Соның бірі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтті.

Кітапхана ұжымы мен Петропавлдағы арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттері Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлерімен кездесіп, олардың әсерлі әңгімелеріне қанықты.

Бұл өнер ұжымы форум барысында ресейлік қонақтарға, еліміздің өзге өңірлерінен келетін меймандар мен жергілікті көрермен назарына жазушы Сәбит Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” пьесасы негізінде сахналанатын қойылым ұсынбақ. Кездесу барысында спектакльдің режиссері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Виктор Шалаев театр әртістерінің дайындығын әңгімелеп берді. Сонымен қатар пьесада басты және қосалқы рөлдерді сомдайтын өнерпаздардың шығармашылық ізденістерімен таныстырды.

Қазақ халқының біртуар перзенті – Шоқан Уәлихановтың рөлін театрдың тәжірибелі актері Евгений Патешкин ойнайды. Ол: “Бұл – маған сеніп тапсырылған жауапкершілігі зор міндет. Ғалымның ізденіске толы қысқа ғұмырын көрерменнің көз алдына келтіру үшін барымды салдым”, – деп тебірене сөйледі. Жиналғандар спектакльден эпизодтар тамашалады.

Ләззат ЖОЛАУШИНОВА,

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың бас кітапханашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp