“Үйлену – оңай, үй болу – қиын” деген шын-ау. Жалындаған жастықтың құшағында зайыбым Верамен қол ұстасқан 2005 жылы отбасылық тіршілікке қадам басқан кезде, алдымызда үлкен қиындықтардың тұрғанын сезген едік. Сол жылы Сергеевка қаласынан облыс орталығына көшіп келдік. Әлбетте, жас отбасының өз шаңырағы болмайынша, тұрмыстық ахуалды жақсартуға кедергі көп. Петропавлға келісімен пәтер жалдау әрекетіне көштік, бірақ, екеуіміз қатар отыра қалсақ, өзіміздің тұрғылықты мекенжайымыздың, өз үйіміздің болуын армандайтын едік. Сол арман үлкен мақсатқа жетеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамын құрып, ал 2006 жылы оның филиалы біздің өңірімізде өз жұмысын бастады. Оның есігін ашқан алғашқылардың қатарында біз де болдық. Сол кезде-ақ зайыбым екеуіміз мемлекеттік бағдарламаның біз үшін тиімді екенін аңғардық, оның жұмысында шүбә келтіретін жақтарын таба алмадық. Ішкі дауыс бұл жолдың жақсылыққа апаратынына сендірді.
Сол жылы банкпен шарт жасап, салымшы төлемінің есепшотын аштым. Бұл жол өзіме деген сенімділікті арттырып, үлкендердің алдында абыройлы етті. Бүгінде мен бойдақ жастарға, жас отбасыларға еш қаймықпастан осы мемлекеттік бағдарламаны таңдауды ұсынамын. Ең бастысы – уақтылы, ұдайы, тәртіпті жүйеде салымшылық міндеттерді жүзеге асыру. Салымшы бола жүріп, кейде күнделікті тұрмыс-тіршілікте қаржыдан тарылған кездер де болады. Ондайда шыдамдылық керек екен. Сол жолы маған кеңесін айтып, артық іске барайын деп тұрған ойымнан қайтарған менеджер қызға (өкінішке қарай, атын ұмытып қалыппын) ризашылығым зор. Осындай қолдаулардың арқасында 2012 жылы біз үлкен, жарық пәтерге көшіп, қоныстойын тойладық.
Жаңа пәтерде екінші ұлым дүниеге келді. Арманға арман қашанда жалғасады. Бүгінгі мақсатымыз – үйімізді кеңейту. Оны жүзеге асыру үшін “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның басқа да мүмкіндіктерін пайдалану керек. Елбасына, банкке, оның солтүстікқазақстандық филиалының қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Барлық отбасында біздікіндей қуаныш бола берсін!
Степан КОСТЫЛЕВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.