Қазақстан жаңа экономикалық саясатқа көшті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге ең дұрыс қадам екенін айтты. Шын мәнісінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлшегі, сондықтан бірыңғай экономикалық кеңістіктен бөлініп, өз алдына томаға-тұйық тірлік ете алмасы сөзсіз. Мысалы, Қытай өз валютасына девальвация жасады. Ресей рубльді өткен жылы еркін айналымға жіберді. Осы күнге дейін алтын-валюта қорының арқасында бізде жағдай тұрақты болып келді. Ал осы жолы алтын-валюта қорына салмақ салмау үшін теңгені еркін айналымға жіберудің де өзіндік мәні бар.
Бұдан былай валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттейді. Бұл тек біздің Қазақстанға ғана тән үрдіс емес, дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен. Теңгенің бағамын сұраныс пен ұсыныс қана өзгертіп отырмақ.
Өз басым тұрғындарға күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өседі-ау деп қорқудың реті жоқ қой деп ойлаймын. Ішіп-жеп отырған тамақ түрлерінің барлығы сырттан әкелінбейді ғой. Ет, нан – өзіміздікі. Табысымыз доллармен емес, теңгемен беріледі емес пе?
Демек, біз үшін қиындықты еңсерудің бір ғана жолы бар. Ол – барынша сапалы да мінсіз жұмыс істеп, әлемдік нарыққа бәсекеге төтеп бере алатындай тауарлар шығару. Онсыз ешбір ел өсіп-өркендей алмайды. Үкімет теңгені еркін айналымға жіберіп, жайбарақат қарап отырған жоқ. Сол себепті, “Сабыр түбі – сары алтын” екенін естен шығармайық.
Оразымбет САЙДАЛИН,
жеке кәсіпкер.
Шал ақын ауданы.