«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫЛЫМНЫҢ ШЫРМАУЫ

Күнделікті әдетіммен жұмыстан жаяулап шығып, үй жаққа беттеп келемін. Аулама жақындай бере нан, сүт сатып алайын деген оймен жақын жерде орналасқан азық-түлік дүкеніне бұрылдым. Есікті ашып қалсам, арғы жағында, аядай жерде, темірдің үстінде екі қыз отыр. Бет-ауыздарын шиедей қылып бояп алыпты. Ол аздай қолдарында шылымдары бар. Мынадай көріністі көріп, қаным басыма шауып кеткендей болды. Үнсіз кетіп қалуға шыдай алмадым.

– Осы отырыстарың өздеріңе жарасып тұр деп ойлайсыңдар ма? Ұят қайда? О заман да, бұ заман, қазақ қыздары шылым шеккенді қашаннан бастап сәнге айналдырған? – дедім. Олар менің айтқанымды түсінген де жоқ сияқты. Әйтеуір, ұнатпаған сыңай танытып:

– Сами знаем, не надо нас учить, – деп тақылдай түсті.

Тағы да айтарым көп еді, бірақ тыңдар құлақ болмаған соң, кеткенім дұрыс шығар деп ойладым. Содан не керек, ашуға булығып, үйге қалай жетіп қалғанымды да байқамай қалдым. Ыстық далада көп жүріп қалдым ба, әлде манағы қыздардың қылығы жүйкемді қозғап жіберді ме, әйтеуір басым қатты ауырып кетті. Біраз жатып демалайын деп едім, көзімді жұмған сайын манағы қыздардың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды.

“Мұндай күйге қалай, қашан жеткенбіз?” – деген сұрақ санамды жаулап алды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине, бірақ бүгінде шылым тартып, сыра ішетін қазақ қыздарының саны көбейіп бара жатқан сияқты. Тіпті, ондай көріністі көрсек, мән де бермейтін жағдайға да жеттік. Бұл қалай болғаны сонда? Бүгінгі арулар, ертеңгі аналар емес пе? Қазірден бастап олар денсаулығына қарамаса, саламатты өмір салтын ұстанбаса, ертеңгі күні өмірге дені сау нәресте әкеледі дегенге сену де қиын.

Қазақ қауымында қыз баланың орны ерекше екені баршаға мәлім. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамданған. Барынша сыпайы, кішіпейіл, ісмер болуға тәрбиелеген. Қазақтың салт-дәстүрінен сусындатып, жаман әдеттен бойларын аулақ ұстауға үйреткен. Еркін ұстағанмен, шектен тыс еркінсітпеген. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қыз баланың тәрбиесіне барынша көп көңіл бөлінген. Ал қазір осы үрдіс біртіндеп жоғалып бара жатқан сияқты.

Гүлмира ЫБЫРАЕВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp