Облыста құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында қазақ күресінен жарыс өтті. Жарыс Жеңістің 80 жылдығына және «Динамо» қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналды.
Боз кілемде полиция департаменттерінің 17 командасы сайысқа түсті. Олардың ішінде қарағандылық тәртіп сақшылары мықты екендіктерін көрсетті. Өзге құқық қорғау органдарының атынан қатысқан 8 команданың ішінен бірінші орынды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің командасы иеленді.
Солтүстікқазақстандықтардың арасынан облыстық полиция департаменті аппаратының қызметкері Батырхан Қайырбек көзге түсті. Ол 74 келіге дейінгі салмақта алтын медаль еншіледі. Сондай-ақ жүлделі орындарды Бекасыл Ермахан (82 кг), Асхат Халыбай (66 кг) және Әділ Қайыров (100 кг) иеленді.
Әдемау МЕҢДІБАЕВА,
облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.