ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚТЫҢ АЛАҢЫ

«Кентрон» сөзі армян тілінен аударғанда «орталық» деген мағынаны білдіреді. Өңірде отыз жылға жуық үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан армян этносының бірлестігі достық пен бірлікті, өзара түсінікті көздің қарашығындай қадірлеп, қастерлеуді мақсат еткен. Адамдар бір-бірімен мәдениет, өнер, салт-дәстүр арқылы тез жақындасады, тіпті рухани сырласады десек, артық айтқандық емес.

«Кентрон» – Қазақстан халқы облыс­тық ассамблеясы аясындың іс-шаралар­ды белсенді ұйымдастырушылардың бірі. Жақында орталықтың мүшелері «ҚХА kids» балалар лагерінің жұмысы­ның жандануына атсалысты. Армян тілінің оқытушысы Татевик Карапетян бүлдіршіндерге Армения, оның тарихы және бірегей әліпбиі туралы баяндап берді. Оның дәрісі қарапайым сабақтан гөрі ашық сұхбатқа көбірек ұқсады. Ар­мян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың өмірбаяны жайлы мағлұмат­тар ұсынылды, өз есімдері ежелгі еуропа­лық тілдердің бірінде қалай естіліп, жа­зылатынын білді. «Кентрон» армян мә­дениеті орталығының мүшесі Артур Саа­дянның бастамасымен жастар арасында шағын футболдан турнир ұйымдасты­рылды. Бұдан бөлек, «Радзіма» белорус мәдени бірлестігі мүшелерімен қарттар үйіне бардық, аға буын өкілдеріне қам­қорлық көрсеттік. Жыл өткен сайын жұ­мыс ауқымы кеңейіп, түрлі бастамалар­дың қанат жаюына ұйытқы болып жүрміз.

Орталықтың бір бағыты «Аревик» хореографиялық тобы қызметімен ты­ғыз үндес. Өнерлі топ армян халқының би дәстүрлеріне адал, қаланың мәдени өміріне белсене араласудан. Бүгінде «Аревик» – Достық үйі мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы іс-шара­ларының, қалалық мерекелер мен кон­церттердің тұрақты қатысушысы, кө­рермендерін әркез қуантып, шаттық сыйлап жүр.

Бұл – атқарылған жұмыстарымыз­дың бір бөлігі, теңіздің тамшысындай ғана. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай қоғамдық бірлестіктің бес мүшесі «Бірлік» мере­келік алтын медалімен марапатталды. Мұндай құрметті көп жылғы тынымсыз еңбекке, адал өмірлік және шексіз пат­риоттық ұстанымға көрсетілген жоғары баға деп түсінеміз.

Залибек МХОЯН,

облыстық «Кентрон» армян

мәдениеті орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp