«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫНАЙЫ ӨНЕРДІ БАҒАЛАЙТЫН КӨРЕРМЕН АЗАЙМАСЫН

Өнер саласында өзіндік орны бар театр және кино майталмандарына деген көрермендер ықыласы қашанда ерекше. Ежелден өнер ордасы саналатын Алматыдан Қызылжар топырағына танымал азаматтар келгенін естігенде оларды оқырмандарымызбен қауыштыруға біздің де асығып тұратынымыз сондықтан. Жуырда жұмыс сапарымен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына арнайы келген белгілі сатирик, “Терісқақпай” әзіл-оспақ театрының директоры Асқар Наймантаевпен кездесіп, бүгінгі өнер және мәдениет саласы, театр, кино әлемі жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Асқар Әбдіғалымұлы, кө­рермен Сізді теледидардан жақсы танығанымен, туған ортаңыз, отбасыңыз жайында біле бермейді. Өскен орта, ұшқан ұя жайлы айтып өтсеңіз. Өнерге бет бұруыңызға кім себепкер болды деген дәстүрлі сұрағымызға жауап берсеңіз?
– Мен Алматы облысының Нарынқол ауылында өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем Әбдіғалым Наймантаев Нарынқол халық театрында режиссер, ал анам Рафия Райжанова сол өнер ордасының актрисасы болып қызмет атқарған. Менің балалық шағым да осы театр іргесінде өтті. Ата-анам өз қызметін ерекше қадірлейтін. Олардың өнерге деген сүйіспеншілігі менің де осы салаға бет бұруыма ықпал етті. Анам 11 жасынан бастап Қытайдағы əскери əнби ансамблiнде бишi болған. Ол кiсiлер сол кезде билеп жүрiп, əн айтатын. 18 тiлде ән шырқайтын ерекше дарын иесі еді. Қытайда жүрген кезiнде қаншама шетелдерді аралағанын айтып отыратын. Аспан асты елiне жұмыс сапарымен барған жазушы Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, тағы да басқа қаламгерлердiң алдында өнер көрсеткен екен. Мектепте оқып жүргенімде театр сахнасында ең алғаш Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” спектаклінде басты рөлдердің бірін сомдадым. Сөйтіп, сахнаға деген сүйіспеншілігім ояна бастады. Алматы театр және көркемсурет институтында өнер майталмандары Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұлов­тың сыныбын “театр және кино актері” мамандығы бойынша тамамдаған соң оқуымды Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында жалғастырдым. Талай дүлдүлдер өнер көрсеткен киелі театр сахнасында көптеген қойылымдарда басты рөлдерді сомдадым. Ж.Тәшенов, И.Саввиннің “Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды” спектаклінде Нұртазаның, Ш.Айтыматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” спектаклінде Сәбитжанның, М.Мақатаевтың “Қош махаббатында” Қасымның рөлі бұйырып, шеберлігімді шыңдадым.
– Сұхбаттарыңыздың бірін­де намысшыл, өжет мінезімнің арқасында көптің арасынан суырылып шықтым депсіз. Адамды өрге сүйрейтін мінез болуы керек деген пікірмен келісесіз бе?
– Атаанам əртiс болғанымен, бозбала шағыма дейін қолыма домбыра ұстамаған екенмін. Ең алғаш домбыра үйiрмесiне қатысуға барғанымда жетекшi: “Сенiң əкең режиссер болса да, дом­быра тарта алмайды. Сенің бойыңа бұл өнердің қонуы екіталай” деген еді. Соған намыстанып, іле ән-күй пəнiнiң мұғалiмi Əбдiлда Бапиев деген ағамыздың домбыра үйiрмесiне жазылдым. Сол кiсiден домбыра үйрендiм. Бiрақ əн айта алмаймын. Қатарластарымның бəрi сахнаға шығып жатқанда, мен сыртта қалып қоямын. Маған бұдан артық қорлық болмады. Сахнаға шығуды армандадым. Бiр күнi “Қазақстан пионерi” газетiн оқып отырсам, қысқа ғана пьеса жарияланыпты. Соны сыныптастарыммен бiрге қойдым. Бұл – менiң тырнақалды режиссерлiк еңбегiм едi. Оны бүкiл ауыл жылы қабылдады.
– “Тамаша” ойын-сауық театры арқылы көпшілікке танымал болдыңыз. Кейін “Терісқақпай”, “Аққу-Гәкку” комедиялық театрлары арқылы сатира жанрындағы үздік актерлердің бірі екеніңізді дәлелдедіңіз. Бүгінгі жас өнерпаздарға көңіліңіз толады ма?
– Қазiр не көп? Әзiл-оспақ айтуға дайын тұратын өнер ұжымдары көп. Əрине, мұны жақсылыққа балау қажет. Бiрақ соңғы кезде бiр-бiрiмiздi қайталай бастадық. Тақырып жұтаңдығы байқалады. Театр саласына жаңадан келген жастар “аузына келгенін” айтып, арзан күлкіге құрылған қалжыңдарды айтуға жақын тұрады. “Жайдарман” бағдарламасын қарап отырып, жастардың дөрекі ойындарына ызам келеді. Сол ойындарға әділқазы болып жүрген белгілі азаматтар оң-солын танымайтын жастарды неліктен дұрыс жолға бағыттамайтынына таңғаламын. Ал шын мәнінде, өнерді, астарлы әзілді түсінетін, құрметтейтін көрермендердің нағыз қазақи қалжыңды іздейтіні байқалады. Алайда, сахнада жүрген көбіміз бұл сұранысты өтей алмай келеміз. Қандай да бір қойылымды сахнаға шығару үлкен еңбекті, төзімділікті қажет етеді. Қазіргі театрлардың, әншілердің өнеріне қатаң бақылау жасайтын ұйым қажет деп ойлаймын. Бұрындары сахнаға талап зор болатын. Өзім “Тамаша” ойын-сауық отауына үш рет барып, әзер қабылданған едім.
– “Тамаша” ойын-сауық телебағдарламасы арқылы саяси сатира тақырыбында түрлі рөлдерді сомдап, көрерменді күлкіге қарық қылушы едіңіз. Ал бүгінде саяси сатираның үніне қоғам құлақ аса ма?
– Өкінішке қарай, сатираға құлақ асып, содан бір ой түйіп жатқандар шамалы. Бір кездері Ұлан Нүсіпәлі екеуміз Ратбек қажыны түйреп, мешіт құрылысының ұзаққа созылуын сынадық. Осы әзіл үлкен іске қозғау болды. Қазір астарлап емес, тікелей айтсаң да бүлк етпейді. Бұрын фельетонға жауап келетін. Сыннан қорытынды шығатын. Бүгінде әрбір адам интернет арқылы-ақ өз ойын білдіріп, кез келген мәселені қозғай алады. Кейде көңілге қонымды мәселе қозғалады. Ондай кезде қуанамыз. Кейінгі кезде “Facebook” әлеуметтік желісі арқылы да өнер, театр, сатира тақырыбындағы ойларымды жазып, оқырмандарыммен пікір алмасып тұрамын. Халықтың пікірі мен үшін қашанда құнды. Олай болмаған жағдайда өнер иесі заманның ағымына ілесе алмай қалады.
– Кейінгі кезде көптеген әншілерге көңіліңіз толмайтыны туралы әлеуметтік желілерде жиі жазасыз.
– Иә, екі-үш ән айтып, өзін жұл­дыз санайтындардың қатары көбейген. Әсіресе, жас орындаушылар арасында тез танымал болғандар атақ-абыройды көтере алмай қалады. Той әншісі өмір бойы сахнаның қызығы мен қиындығын көріп жүрген өнер иесімен салыстырғанда, шығармашылықтың қадір-қасиетін түсіне бермейді. Жеңіл-желпі өнер көрсетуге дағдыланғандар халықтың көңілінен шығады деп айта алмаймын.
– Осы жолы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымымен көрерменге қандай спектакльді ұсынасыздар?
– Осыдан үш жыл бұрын шәкіртім, театрдың талантты режиссері Фархат Молдағалидің премьерасын тамашалауға келдім. Сол жолы театр әртістерінің шығармашылық әлеуетінің зор екеніне көзім жетті. Бүгінде бұл өнер ұжымы республика деңгейіндегі түрлі байқауларда көзге түсіп, үздік театрлардың біріне айналды. Жастардың жұмысы көрермендер көңілінен шығуда. Театр жас мамандармен толықты. Театр басшылығы шығармашылық ұжымның креативті идеяларына үнемі қолдау білдіреді. Мен де театр директорының шақыруымен келдім. Жақында Қызылжар өңірінің жұртшылығына “Есі ауысқан махаббат” комедиясын ұсынбақпыз. Жалпы, Қызылжар жұртшылығына деген ризашылығым шексіз. Осыдан он жыл бұрын шалғай аудандардың біріне гастрольдік сапармен барғанымызда жергілікті халық бізді зор қошеметпен қарсы алды. Ауыл ақсақалдары қойылымнан соң бізге ақ тілегін жаудырып, батасын бергені есімде. Сонда бір қарияның: “Біздің ауылға Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтан басқа өнер адамдары келген емес. Алыстағы ағайынға деген ықыластарыңыз үшін алғысым шексіз”, – де­ген еді. Алдағы уақытта Қызылжар қаласының тұрғындарына арнап жеке шығармашылық концерт беруді жоспарлап жүрміз.
– Гастрольдерге жиі шығасыз ба?
–“Қымызхана” бағдарламасына режиссер болған уақытта екі-үш жыл ауылдарды аралай алмадым. Одан кейін болашақ әртістерге сабақ бердім, мектеп аштым да көп уақытымды осы істерге арнадым. Бірақ қолым қалт етсе елмен қауышқым келіп тұрады. Түрлі бағдарламамен біраз облыстарға табаным тиді. Шынайы өнерді бағалайтын көрермен азаймасын деп тілейміз.
– Әңгімеңізге рақмет. 

Әңгімелескен
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp