– Кәрібай Иманжанұлы, сіз Парламент Мәжілісінің VI шақырылымда депутат болдыңыз. Халық қалаулысы ретінде ел тұрғындарын алаңдатқан қандай мәселелердің оңынан шешілуіне ұйытқы болдым деп нық айта аласыз?
– Депутаттың басты міндеті – заң шығару процесіне қатысу. Мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаты, кейінірек хатшысы ретінде еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон мәселелеріне қатысты 4 заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еттім. Шетелдегі ағайынның атажұртқа бет түзеген ұлы көшінің жолындағы кейбір бөгесіндерді алып тастаудың сәті түсті. Қазір олар бір жылдың ішінде Қазақстан азаматы атана алады. Сондай-ақ қандастарымыздың қандас куәлігі мен Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет құжат тапсыру мүмкіндігін де заң жүзінде қарастырдық.
Уәлиханов ауданында тұратын бірнеше ата-ана маған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері дамуында ауытқушылығы бар балаларды 7 жасқа дейін ғана қабылдайтындығын айтып шағымданды. Мен сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтердім. Көп ұзамай бұл проблема оң шешімін тапты. 2016 жылғы жазда Петропавл қаласындағы М. Қозыбаев атындағы СҚУ мен колледждерде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқып жүрген мыңнан астам студенттің өкілдері мені іздеп келіп, «Қызылорда – Көкшетау» пойызының бағытын Петропавл стансасына дейін ұзартып беруді сұрады. Осы жөніндегі депутаттық сауалыма сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құлақ асып, «Қызылорда – Астана» пойызын 2017 жылғы ақпан айынан бастап Петропавлға дейін қатынайтын қылды. Қазір бұл пойызды жұрт «Құдалар пойызы» деп қалжыңдай атайды. Бұлардан бөлек ондаған мәселенің түйінін тарқатуға атсалысқанымды мақтанышпен айта аламын.
– Сіздің елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневке арналған ескерткіштің ашылуына мұрындық болғаныңызды естіген едім. Бұл рас па?
– 2019 жылы облыстың бір топ азаматы маған хат жолдап, елордада қазақтың ардақты перзенті Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнатуға көмектесуімді сұрады. Мен осы жөнінде астананың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазып, халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаға лайықты ескерткіш орнатуды өтіндім. Мәселе 2021 жылы оңынан шешіліп, Ж.Тәшенев көшесінің бойында оған тамаша ескерткіш орнатылды.
– Бір мақалаңызда «Парақорлығының исі мүңкіп тұрғаны үшін қызметінен алынған басшының, дарынсыз журналистің, әлдебіреулерге кандидаттық диссертация жазып берген ғалымның «құрметті азамат» атанғанын жұрт күлкі етіп айтып жүр» депсіз. Жалпы атақ-марапаттардың құнын түсіріп алған жоқпыз ба?
– Біз, аға буын өкілдері – кеңес заманында тәрбиеленген ұрпақпыз. Сондықтан атақ-марапатқа тым құмармыз. Әйтпесе, олардың көбінің еш құны жоқ еді, қазір де солай. Мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарын 19 жыл басқарғанымда мерейтойлық медальдармен ғана наградталдым. Есесіне, бес жыл Мәжіліс депутаты болғанымда «Құрмет» орденін алдым. Ол еңбегіме берілген әділ баға деп ойлаймын.
– Өзіңізді өмірде жолы болған, бақытты адам деп санайсыз ба? Сіздің түсінігіңізде бақыт ұғымының өлшемі бар ма?
– Бақыт деген – салыстырмалы ұғым. Мысалы, өмір бойы дімкас болған адам ғайыптан дертінен сауығып кетсе, соны зор бақыт деп санайды. Мен Алла Тағалаға сенетін тәубешіл жанмын. Журналист және белсенді ұстанымы бар азамат ретінде біраз биікке жеттім. Пенде ретінде жағдайым да жаман емес. Барға – қанағат, жоққа – сабыр етуді әдетке айналдырғанмын. Бақыт дегеннің өзі қанағат болса керек.
– Сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Өңірдегі олқылықтарды жиі сынайсыз? Түйіні тарқатылмай келе жатқан қай мәселелер алаңдатады?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді халқымыз. Мен сын жазсам, шындықты жазамын. Мәселен, Қызылжар өңіріндегі көптеген қазақ ауылдарының бүгінгі жағдайы мәз емес. Әсіресе Жамбыл ауданындағы қазақ ауылдары шетінен жабылып жатыр. Тіпті классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажолдың да халі мүшкіл. Жолдың жоқтығынан тұрғындары жан-жаққа көшіп, түтін саны азайып қалды. Осылай жалғаса берсе, бұл елді мекен де атақты қаламгерлер Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шаймерденовтің туған ауылдарының кебін киіп, тарап кетуі мүмкін. Ал біз «Ауыл – ел бесігі» дейміз. Осы сөз атау етіп алынған мемлекеттік бағдарлама да бар. Алайда оған тірек және серіктес елді мекендер ретінде енгізілген қазақ ауылдары біздің облыста көп емес. Мен кезінде Ғабеңнің Жаңажол ауылын аталған жобаға енгізуге тырысқаныммен, осы жөніндегі ұсынысымды бұрынғы облыс басшылығы қолдаған жоқ. Әйтеуір, жоғарыда айтқанымдай, қиян шеттегі қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы – Қулыкөлге тірек ауыл мәртебесі беріліп, жарқын болашағына жол ашылды.
Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарының құруына жол беру – ұлттық мәдениетімізге, ана тілімізге, ата салт-дәстүрімізге ауыр соққы болып тиетін келеңсіз жағдай екендігін түсінуіміз қажет. Мен сынап жүрген кемшіліктің негізгісі осы. Ауылды сақтап қалу үшін ең керегі – көлік жолдарын қалпына келтіру. Облыста бұл мәселе жеткілікті шешімін таппай келеді. Осы орайда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Еркін Әуелбеков бұрынғы Көкшетау облысын басқарған кезінде әр ауылға асфальт жол салғызғанын айта кеткен жөн. Сол жолдардың көбі бүгінде әбден тозса да, жеңіл көліктің ақырындап болса да жүруіне жарап тұр.
Жалпы шырылдап тұрған шындықты жазбайтын журналист – журналист емес, аузын буған өгіз. Бұл ретте бізге марқұм Мәлік Мұқанов пен қолынан қаламын әлі тастамаған Жарасбай Сүлейменов сынды әріптес ағаларымыз ұмытылмас үлгі болды.
– Соңғы уақытта жасанды интеллектіні дамыту мәселесі жиі қаузалып жүр. Президентіміздің өзі ЖИ-ді дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп берудің мүмкін емес екенін айтты. Адамзат баласы өзі ойлап тапқан өнертабысқа болашақта өзі тәуелді болып қалмай ма? Сіз қандай пікірдесіз?
– Қазір күнделікті тұрмысымызда жасанды интеллектінің игілігін көре бастадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Былтырғы Жолдауында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін атап айтып, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту мақсатын алға қойды. Өз Жарлығымен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мұның бәрі еліміздің көштен қалып қоймауы үшін жасалып отыр. Демек, баршамыз жаңалықты жатсынбай қабылдауымыз қажет. Ал жасанды интеллектіден қауіптенуге болмайды деп ойлаймын. Өйткені адам жасаған нәрсенің бәрі адамға тәуелді болып келді, алдағы уақытта да солай болуға тиіс.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің редакциясында шарт бойынша жұмыс істейтін қатардағы журналиспін.
– Қаламы қарымды журналист қана емес, дарынды ақынсыз. Журналистика мен ақындықты қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Жұмысбастылықтан шығармашылықты қоя тұруға тура келген кездер болды. Дегенмен өлең жазудан ешқашан мүлдем қол үзген жоқпын. Әлі де жазып жүрмін.
– Қандай өкінішіңіз бар?
– Әрине, пенде болған соң қателескен сәттерім болды. Бірақ өзегімді өмірімнің соңына дейін өртейтіндей өкінішім жоқ. Ең бастысы – ұзақ жылдар басшылық қызметте жүргенімде барынша әділ болуға тырысып, қарамағымдағы қызметкерлердің қайсысына болсын қолдау көрсеткеннен басқа, еш қиянат жасаған жоқпын деп ойлаймын.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».