“Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда. Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға”, – деп Роза Рымбаеваның орындауында күйтабақтан шырқалған ән шаһарымыздағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа “Кел, Наурыз, құт дарытып жеріме!” атты мерекелік шараға жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, еріксіз баурап, елітіп әкетті. Білім ордасының табалдырығынан төріне дейін мерекенің лебі еседі. Қабырғаларға ілінген Ұлыс күніне арналған бата-тілектер, оқушылардың салған тақырыптық суреттері, түрлі түсті шарлар мен бәйшешек гүлдер бүгінгі күннің өзге күннен өзгеше екенін айғақтайды. Мереке өтетін сахнаға шаңырақ құрылып, ұлттық нақышта безендірілген.
“Шаттанып бүгін Жаңа жыл,
Халқына шашып жаңа нұр.
Келді Қыдыр атамыз,
Жүректен төгіп жаңа жыр”, – деп жүргізушілер айтқанындай, Наурыз – өте көне мейрам. Бұдан 2,5 мың жылға жуық уақыт бұрын күн мен түннің аспандағы теңелу нүктесі Тоқты шоқжұлдызы тұсында болғандығын бабаларымыздың білгендігі мәлім болып отыр. Біздің данагөй халқымыз жаңа келген жыл басының алғашқы күнін 22 наурыздан бастап санаған. Бұл дәстүр Шығыстың басқа да халықтарында бар. Алайда, наурыз айының нақ осы күнінде нағыз жаңа жылдың, күннің жаңаруы табиғи түрде бастау алатынын біздің бабаларымыздай дәл есептеп, уақытты мөлшерлей алған халық жоқ.
Қазақ халқының ежелгі наным-сенімі бойынша Ұлыс келер түні әр үйді аралап, әр отбасына ырыс-құт, бақ-береке әкелетін Қыдыр ата да жиналған жұртты Жаңа жылмен құттықтады. Жүрген жеріне жақсылық пен шаттық, бақыт пен береке ала келетін Қыдыр ата бұл мерекенің де көрігін қыздырып әкетті. Сиқырлы таяғымен көктемнің жаршысы болып табылатын бәйшешек гүлін септі. Бәрі нағыз ертегідегідей, гүл кейпінде киінген қыздар “Бәйшешек” биін билей жөнелді.
Қыдыр атамен Наурыз тойына Алдар көсе, Жиренше шешен және Тазша бала да ере келген екен. Олар да тойшы қауымды өз өнерлерімен тәнті етті.
Мектеп оқушылары да күн мен түннің теңесіп, табиғат пен жан-жануар түлеп, жаңа күн мен жыл бастау алатын Ұлыс мерекесіне мол табыспен жеткен екен. Биылғы жылы 11-сынып оқушыларының 16-сы халықаралық ғылыми жобалар сайысына қатысып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған. Ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінде 27 жүлделі орынға ие болған оқушылардың 3-еуі республикалық додадан жүлдемен оралған. 1-7-сынып оқушылары арасында өтетін “Зерде” шығармашылық жұмыс және ғылыми-зерттеулер сайысында да олар облыста – 19, республикада – 4 жүлделі орынды иеленген. Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде 24 оқушы жүлдегер атанса, 11-і – республикалық, 1-еуі – халықаралық олимпиадаға жолдама алған.
Бұдан соң мектептің сәні мен сымбаты жарасқан, бұрымды қыздары “Наурыз аруы – 2015” сайысында бақ сынады.
Сайыс “Кел танысайық” (Өзін таныстыру), “Білімдінің өрісі кең” (Салт-дәстүрге байланысты сұрақтар), “Өнерлі өрге жүзер” (Өнер сайысы), “Жарнама” (Ұлттық тағамдарға жарнама жасау) сияқты төрт бөлімнен тұрды.
Сайыскерлер “Тоқымқағар”, “Ерулік”, “Бастаңғы”, “Жарапазан”, “Аластау”, “Селт еткізер”, “Ұй-қыашар”, тағы басқа да ұмыт болып бара жатқан ата-баба дәстүрлерін еске түсіріп, олардың қандай жағдайда, қалай жасалатынына және мән-маңызына тоқталды.
Дәмі тіл үйірер наурызкөжеден жиналған қауым дәм татып, ұлы тойдың төресі – Наурыз тойы, жылдан-жылға мән-мағынасын арттырып, құт тойы болсын деген ақ бата берілді.
Гимназия-интернат ұжымы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында білім ошағының айналасын қардан аршып, әр күні оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тақырыптық зияткерлік сайыстар, сынып сағаттары, суреттер байқауы, ұлттық спорттық ойындар, тағы басқа да танымдық шаралар ұйымдастырды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.