Облысымызда тұңғыш рет Астана және Алматы қалаларының танымал өнер иелерінің қатысуымен жергілікті мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мұрындық болған шара Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханадағы кездесумен басталды.
Өңір театрлары мен кітапханалары, мұражайлары мен мұрағат мекемелерінің атынан Мәдениет және спорт министрлігіне шеберлік сыныптарын өткізу жөнінде ұсыныс айтылған екен. Кездесуге келген мәдениет және өнер саласы өкілдерінің баршасы бірауыздан мұндай бастаманың жауапсыз қалмағанына қуанышты екендіктерін жеткізіп жатты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алила Әлішеваның пікірінше, республика көлемінде өткізілетін бірен-саран фестивальдарда, семинарларда кең көлемде тәжірибе алмасу мүмкін емес. Ал мұндай шеберлік сыныптары алдымен мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік туғызады. Ұлттық мұражайдың толықтыру, есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Рыскүл Бектәлиева да осындай пікірде.
– 2014 жылы Ұлттық мұражай ашылып, онда салаға қатысты түрлі семинарлар мен кездесулер жиі өткізілгенімен, барлық өңірлерді қамту мүмкін еместін. Мұражайлар арасындағы байланыстың болмауы себебінен кімнің немен айналысып жатқаны белгісіз, ортақ жұмыс байқалмайды. Мәселен, бұған дейін біздің облыстың мұражай қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін тек қағаз жүзінде жазып, жіберумен шектелген. Ал енді мұражайшыларға кейбір мәселелерді бірігіп шешуге, ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік туды, – дейді Рыскүл Ескендірқызы.
Мұндай кездесуді, әсіресе, өңірлік театрлар ұжымдары асыға күтті. Әртістер қауымы режиссер, драматург, профессор Әлімбек Оразбеков пен Қырғызстанның халық әртісі, мәдениет қайраткері Сергей Матвеев сынды сахна тарландарынан дәріс алып, шеберліктерін шыңдайтынына қуанышты. Облысымызға, сондай-ақ, Астана қаласының Қазақ ұлттық хореография академиясынан өкілдер келіп, аталмыш білім орнына оқуға түсуге үмітті балалар арасында іріктеу жүргізді. Жаңадан ашылғалы отырған академия алдағы оқу жылынан балаларды 6 жастан бастап қабылдауға ниетті. Республика бойынша 700 балғын іріктеледі.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикенев облысымыз би саласында дарынды жастарға бай екендігін, аталмыш академияда біздің өңір өнерпаздарының қатары аз болмайтынына үмітпен қарайтынын білдірді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.