
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатында жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері зертханасының іргетасын есімі өңірімізге танымал ұлағатты ұстаз Әлия Малдыбаева қалаған болатын. Оқу бағдарламасы жаңартылған мазмұндағы үлгілік негізде түзіліп, ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. 2017 жылдан бастап жаңартылған бағдарламаның кезең-кезеңмен енгізілуіне байланысты зертхананың құрамы да, мақсаты да өзгертілді. Пәндік курстардан өткен ұстаздар, оның ішінде 13 аудан мен қаланың 7 мектебінен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері қабылданды. Қазір олардың саны – 27. Зертхана отырысы жылына 4 рет өткізіліп, қастерлі де қасиетті атқа ие мамандық өкілдерінің іс-тәжірибелері таратылады, кәсіби біліктілік шеберлігін көтерудің қыр-сыры әңгімеленеді. Білімді, тәрбиелі ұрпақ өсірудің, мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың өзекті мәселелері көтеріледі. Бір сөзбен айтқанда, тақырып аясымен шектеліп қалмай, кемел келешегіміздің бүгінгі өрендерінің бойына жақсы қасиеттерді сіңірудің тың жолдары тынбай іздестіріледі.
“Заманауи білім беруде педагогтардың кәсіби құзыреттілігі” деп аталатын жалпы тақырып аясында қазіргі білім беру жағдайына инновациялық әдіс-амалдарды орайластыру, пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, оқушыларға сапалы білім беруде олардың пәндік-теориялық, әдістемелік даярлығын күшейту мәселелеріне жете мән беріледі. Өйткені, көбіне жас мұғалімдер арасында пәнді оқыту мен өздігінен әрекет етуде қиындықтар кездесіп қалады. Оның кей себептері теориялық және тәжірибелік дағдылардың аздығына, өзіндік рефлексия әрекетінің және пәнді оқытуды тәжірибелік тұрғыда жобалау біліктіліктерінің төмендігіне келіп тіреледі. Осыған орай “Өрлеу” біліктілікті арттыру институты тренерлерінің, әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы әдіскерлерінің көмектеріне әр кез сүйеніп отырамыз. Бір мысал келтіре кетейін, зертхана мүшелері Шал ақын ауданы Ыбыраев ауылындағы мектепте, Қызылжар ауданы “Парасат” мектеп-лицейінде болып, сабақты жоспарлау, жаңаша бағалау, кері байланыс орнату жүйелерімен танысты. Кей мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде теория мен білімді қатар қолдана білудегі кемшіндігі байқалып тұрды.
Жаңа оқу жылының бірінші отырысында қашықтан оқытуды ұйымдастыру, оқушының қызығушылығын арттыру, мұғалімнің кәсіби шеберлігін ширату мәселелері талқыланып, үй тапсырмасы секілді тақырыптарға баса көңіл бөлінді. Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік кабинеті, пәндік олимпиада, “Абай – әлем тілінде”, мәнерлеп оқу сайысы, челлендж, электронды әдістемелік құрал, тағы басқа байқауларда зертхана мүшелері жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Айыртау ауданы Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімі Сая Қажыкенова “Үздік кабинет” байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия интернаттың ұстазы Жанар Әбілова қазақ тілі олимпиадасында екінші орынды иеленді.
“Ұлылар мұрасы және заманауи білім” тақырыбында өткен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің І халықаралық форумында зертхана мүшелерінің белсенді қатысуымен “Заманауи білім беру кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері” тақырыбында ток-шоу ұйымдастырылды. Электронды оқыту, бақылау, әдістемелік және ақпараттық ресурстары негізінде білім беру ұйымдарының ақпараттық білім беру ортасын қалыптастыруға және пайдалануға жәрдемдесуге қатысты проблемалар талқыланды. “Ұлағатты ұстаз – өнегелі шәкірт” челленджі интернет желісінде әдістемелік құралдар мен авторлық бағдарламалар таныстырылды. Республикалық “Үздік авторлық бағдарлама” сайысына қатысып, дипломмен марапатталған ұстаздарымыз шығармашылық тәжірибелерімен бөлісті.
Білімін үнемі жетілдіріп, шығармашылық ізденісте жүру әр ұстаз үшін қашан да маңызды.
Жанар ӘБІЛОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі.
СУРЕТТЕ: облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскерлері.