Біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырған шақта ұрпағымыздың өз Отанына, туған жеріне, тілі мен діліне деген сүйіспеншілігін барынша арттыруға тиіспіз. Ол тәрбие бала бойына ана тілі арқылы сіңіріліп, дамиды. Қызылжар ауданының Дубровное негізгі мектебінде өткізілген тілдер онкүндігі осы мақсатты көздеді.
Мектеп кітапханасында ұйымдастырылған “Тіл – бабалар мұрасы” атты көрме мен үш тұғырлы тілді насихаттау мақсатында өткізілген “Тіл – халық жүрегінің кілті” зияткерлік ойыны оқушылардың қызығушылығын арттырып, білімдерін толықтырды. “Мен – өз елімнің патриотымын!” тақырыбындағы шығармалар байқауы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Онда оқушылар тәуелсіздікті аңсап өткен ата-бабаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің арманына бүгінгі ұрпақ жетіп отырғанын мақтанышпен айтты. Көпэтносты біріктіріп отырған Қазақстандағы бейбіт, тыныш өмірді шығармаларына арқау етті. “Тілге құрмет – елге құрмет” тақырыбындағы сынып сағаттары, поэзия кештеріне мектептің барлық оқушысы қатысты. Оқушылар үш тілде өлең оқып, ән айтып, өздері де өлең шумақтарын құрастыруға талпыныс жасады. Олар әр этностың ойындарына жарыса қатысты. Ең кішкентай балғындар суреттер байқауында бақтарын сынады.
Тілдер онкүндігінің жабылуында мемлекеттік тілдің қоғамымызда алатын орны, үш тілді білудің маңызы баса айтылды.
Гүлназ ҚАЗИҚАНОВА,
Дубровное негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.