Белгілі ақын, жерлесіміз Ерік Асқаров көзі тірі болғанда, ақпанның 10-шы жұлдызында 57 жасқа келер еді. Айтулы тұлғаның туған күніне орай Мағжан Жұмабаев ауданындағы №4 Булаев орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен “Шыға шапқан жүйрек еді” атты әдеби кеш өтті. Шараға ақынның туыстары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Ерік Асқаров аз ғұмырында артына мол мұра қалдырды. Оның әр жылдарда жазған “Сантас”, “Сауыр тілген”, “Сегіз сері”, “Абылай хан”, “Қазақстан ғасыры”, “Бозауыз ат” атты шығармалары – қазақ әдебиетінің құнды қазыналары. Айтыстары – өз алдына бір төбе.
Ақынның шығармашылық мұрасы жайлы сөз сабақтаған апасы Жұмабике Қалиева өнер иесінің балалық шағы, бозбалалық дәурені, отбасылық өмірі туралы да әңгіме өрбітті.
Ұстазы Бақыт Найманбаева шәкіртінің бала кезінен-ақ өз бетімен ізденуге құштар болғандығын, алдына үлкен мақсат қойып, оған адал еңбекпен жетуге талпынғандығын айтты.
Кеш барысында мектеп оқушылары ақынның бірқатар өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқыды.
Медет БЕКІШЕВ,
қоғамдық тілші.
Мағжан Жұмабаев ауданы.