«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҒЫМДЫ ЕГІН ШАЛАҚЫНДЫҚТАРДЫ ҚУАНТАДЫ

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болып, диқандармен кездесті. Аудан бойынша 231 мың гектар жерге ырыс дәні сіңірілген. Оның 17500 гектарына – майлы, 185 мың гектарына – дәнді, 22 мың гектарына біржылдық шөп егіліпті. Жоспар бойынша гектар берекелілігін 15-20 центнерден айналдыру көзделіп отыр.

Егін даласынан аудан орталығындағы №2 мектепке келген өңір басшысы білім беру ордасының жағдайымен танысты. 100 балаға шақталған шағын орталығы бар 11 жылдық мектепте білім қазақ және орыс тілдерінде беріледі.  

Осыдан кейін аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөліктерін орындау мәселелері талқыланған жиын өтті. Онда Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев бюджеттің кіріс-шығыс бөліктеріне қатысты есеп беріп, қазіргі таңда ол 95,5 пайызға орындалғанын жеткізді.

– Ауылдықтар үшін маңызды кезең – орақ науқаны басталды. Оған облыстың дайындығы жақсы. Техниканың 99 пайыздан астамы орақ науқанына әзір. Биыл 17 млрд. теңгеге техника сатып алынған болатын. Осы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Облыс бойынша бюджетті қалыптастыруда қажетті көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырмыз. Республикалық деңгейде жағдай тәуір болса да, аудандарда бұл жұмыс ақсап тұр. Шығысты қысқарту керек, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Үстіміздегі жылдың тамыз айындағы мәліметтерге сүйенсек, ауданда зейнетақының, мемлекеттік, бюджет қызметкерлері еңбекақыларының, жәрдемақылардың уақтылы берілмеуі тіркелмеген. Қазына резервінде қаражаттың жоқтығынан қолда барды үнемдеп, бюджетті толықтай игеру қажет екендігін қадай айтқан облыс әкімі ауылдықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу құлшынысын арттыруды тапсырды.

Осы күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов Аютас ауылдық округіндегі “Трансагроинвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Серіктестік салып жатқан зауыттың құрылысы жоспарға сай 2017 жылы аяқталса, кәсіпорын тәулігіне 300 тонна қант қызылшасын ұқсатпақ. Яғни, жылына 8 мың тонна қант өндірілетін болады. Қазір құрылыс жұмысына 25 адам жұмылдырылған. Ал кәсіпорын ашылған кезде 84 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы “ТНС-2020” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарында болды.

Назерке ҒАЛЫМ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp