Белгісіз адамдар Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Чернобаевка ауылының 37 жастағы тұрғынына 600 мың теңгеден астам шығын келтірген.
Түн ортасы ауа оның аула орамында жатқан 25 тонна оралған шөбін қаскөйлер өртеп жіберген. Ауыл тұрғыны бірден полицияға жүгінген. Жедел-тергеу тобы учаскелік полиция инспекторының көмегімен ауданның 1989 жылы туған екі тұрғынының бұл іске қатыстылығын анықтаған. Күдіктілердің айтуынша, олар спирттік ішімдік ішіп, жәбірленушіні жақтырмауларынан оған зиян келтіргілері келген. Күдіктілерге қатысты полицияға шақырылғанда келуі туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Абырой болғанда, өрт қора-қопсыға, үйге тарамаған. Үйде иесінен басқа отбасы мүшелері болған. Өрт сөндірушілер өртті тез арада ауыздықтап үлгерген.