«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН ДАНЫШПАН

Шығыстың әйгілі ойшылы, философ, математик, физик, астроном, лингвист, музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын саласындағы Фараб шаhарында (қазір Түркістан облысы Отырар ауданы) дүниеге келген. Ғұламаның толық аты – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасына айналған. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасқан. Соның арқасында әл-Фараби баға жетпес құнды қолжазбаларды, кітаптарды көз майын тауыса оқып, білімін, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді.

Оның тегі түркі тайпасынан шыққанын филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дәрбісәлі дәлелдеген. Қазақтың ежелгі қаласы – Отырарды арабтар “Барба Фараб” деп атаған. Сондықтан “әлемнің екінші ұстазы” – Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр екені талассыз шындық. Тарихи дерек­терге қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болға­ны белгілі. Әбу Насыр әл-Фараби бала күнінен ғылымға жақын болып өскен. Ғалым алғашқыда Бұқарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында білімін жетілдірген. Ұлы ғалым 150-ге жуық ғылыми еңбекті артына мұра етіп қалдырған.
Ғалым өз туындылары арқылы адамдарды жақсы өмір сүруге, білім алуға, жаман әрекеттерден аулақ болуға үндеп отырады. Бүгінгі ұрпақтарды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеумен де құнды. Оның ойынша, материалдық құндылықтардан гөрі рухани баюға, жан-жақты дамуға ұмтылғандар ға­на нағыз бақытқа кенеледі. Александриядағы ең бай кітапханада өте бағалы жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алады. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтеді. 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен, әлемдік мәдениетпен танысады. Жалпы, әл-Фараби бір жерде ұзақ тұрақтамаған. Үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдап отырған. Бар өмірін ғылым мен білімге арнаған. Медицина ғылымын да терең меңгерген. Ғылыми ізденістермен Бағдат шаhарында біраз тұрақтап қалады. Сосын Шам аймағына қоныс аударып, сонда дүние салады.
Білімсіз адамгершілік молай­майды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жандүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Бұл пайымдары бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейтінін ескертеді. Мұсылман әлемінен шыққан ұлы ғалым 70-ке жуық тіл білген.
 Әлемде Аристотельден кейін “екінші ұстаз” атанған, өз заманының ең кемеңгер энциклопидист ғалымының өмірі мен мұрасы өскелең ұрпаққа үлгі.
Бибігүл ӘЛІМБАЕВА,
Новоселов орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp